Павлодардағы мектеп мемлекеттік рәміздерді өртеп жатқан видеоға қатысты түсінік берді

Әлеуметтік желіде мемлекеттік рәміздерді өртеп жатқаны көрінетін видео тарағаннан кейін, Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы мектеп аталған жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Кадрларда Қазақстанның Туы мен Әнұраны бар материалдардың жойылып жатқаны байқалады.
«Мәліметке сәйкес, 2026 жылғы 5 ақпанда аталған білім ордасында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 8 маусымдағы №137 бұйрығына сәйкес мектеп комиссиясы тарапынан ұлттық стандарттар мен техникалық талаптарға сай келмейтін заттарды жою жұмыстары жүргізілген. Рәсім тиісті актімен рәсімделген»,-деп жазылған ресми хабарламада.
Мектеп әкімшілігі бейнетіркеу тек қызметтік мақсатта жүргізілгенін және оны тарату көзделмегенін хабарлады. Сонымен қатар іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу тәртібіне тиісті деңгейде бақылау жасалмағаны үшін мектеп басшысына қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылған.


