NoFake

Павлодар облысында Telegram арқылы вейп сатқан қылмыстық топ құрықталды

Снимок экрана 2025 12 24

Скрин видеодан

ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті вейптер мен оларға арналған сұйықтықтарды заңсыз сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды nofake.kz/.

Тергеу дерегінше, заңсыз өнімдерді өткізу Telegram мессенджерінде жұмыс істеген үш онлайн-дүкен арқылы, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі каналдар мен парақшалар арқылы ұйымдастырылған. Тапсырыстар курьерлік жеткізу тәсілімен қабылданып, тұтынушыларға тікелей жеткізіліп отырған.

ҚМА мәліметінше, заңсыз айналымнан жалпы құны 400 миллион теңгеден асатын 53 мыңнан астам өнім бірлігі тәркіленді.

«Заңсыз сауда негізінен онлайн-магазиндер мен әлеуметтік желілер арқылы жүргізілген. Telegram мессенджеріндегі бірнеше арна мен дүкен вейп өнімдерін кеңінен жарнамалап, курьерлік жеткізуді жолға қойған», – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

Қылмыстық табыстарды қолма-қол ақшаға айналдыру үшін күдіктілер банк карталары ресімделген дропперлерді пайдаланған. Ақша онлайн-дүкендер арқылы жиналып, кейін заңсыз жолмен қолма-қол ақшаға шығарылған. Тергеу барысында вейптердің негізгі тұтынушылары мектеп оқушылары мен студенттер болғаны анықталды.

Сот санкциясымен қылмыстық жолмен алынған кіріске сатып алынған үш автокөлікке – Toyota Land Cruiser, Toyota Highlander және Chevrolet Camaro – тыйым салынды. Төрт күдікті қамауға алынды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Оқу үшін