Павлодар облысынан халықтың жаппай көшіп жатқаны рас па – әкім жауабы

Фото: ortcom.kz
Облыс әкімі халықтың жаппай көшуінің себебін түсіндіріп, мәселенің алдын алу үшін өңірде қандай іс-шаралар қолға алынып жатқанын айтты, деп хабарлайды nofake.kz/.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірден көшіп жатқан халық саны көп екенін растады. Ол жастардың басым көпшілігі оқу және жұмыс істеу мақсатында көршілес елдерге кетіп жатқанын мәлімдеді.
«Облыстан 32 мың адам кетсе, 24,5 мың адам көшіп келген. Осылайша айырмашылық 8 мың адамды құрап отыр. Бұған үш негізгі себеп бар. Біріншісі — Ресей Федерациясына жаппай көшу. Біз шекаралас өңірміз және бес өткізу бекеті бар. Жастар, әсіресе өзге ұлт өкілдерінің көпшілігі Новосибирск, Омбы, Томск, Кемерово қалаларында білім алады. Олардың шамамен 50–60 пайызы оқуын аяқтағаннан кейін сол жақта қалып қояды», – деді ол.
Одан бөлек, облыс әкімінің айтуынша, өңірде еліміздің басқа солтүстік облыстарындағы сияқты туу көрсеткіші төмен деңгейде қалып отыр.
Әкім халық санының азаюының орнын толтыру бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы да баяндады. Оның сөзінше, Павлодар облысы оңтүстік және еңбек ресурсы артық өңірлерден тұрғындарды көшіру жұмысы бойынша көш бастап отыр. Қазіргі таңда аймақта шамамен 4,5 мың бос жұмыс орны бар, оларға Қызылорда, Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарынан азаматтар тартылып жатыр.
«Аудан әкімдіктері өздеріндегі бос орындар бойынша сол өңірлерге арнайы барып, тұрғындарды тартуда. Оларға тұрғын үй, көтерме ақы беріліп, басқа да әлеуметтік мәселелер шешіледі. Осылайша біз 5,5 мың адамды көшіріп әкелдік. Бұған қоса, Павлодар облысы 1,5 мың қандасты қабылдады. Соған қарамастан, халық саны азайып жатыр — біз мұны мойындаймыз және осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», – деді Асаин Байханов.
Оның мәліметінше, өңір халқының 57 пайызын қазақтар, 43 пайызын өзге этнос өкілдері құрайды. Өңірден көшіп жатқан халықтың басым көпшілігін өзге ұлт өкілдері құрайды.


