Жағымпаздық пен жалған пікір, жасандылық пен өтірік жымию: қоғамның фейк бейнесі

Коллаж: nofake.kz/
Адам өз пайдасы үшін жағымпазданып, өзгені өтірік қолпаштауы, біреудің іс-әрекетін жақтырмай тұрса да оны ұнатқан кейіп танытуы, мансабы мен жеке пайдасын ойлап лауазымды қызметке тағайындалған тұлғаны құттықтау, оны мақтап-мадақтап желіде пікір қалдыру – жалған әрекет болуы мүмкін. nofake.kz/ адам бойындағы осындай мінез-құлыққа қатысты сарапшылардың пікірін білді.
Мамандардың пікірінше, «fake», яғни, «жалған» слэнгін XVIII ғасырдан пайдаланып келеміз және ол «заңсыз қызмет» деген мағынаны білдіреді. Жалпы, «фейк» сөзі түрлі жағдайда қолданылады. Мысалы, жалған ақпарат таратқанда, белгілі бір брендтің заңсыз көшірмесін жасап шығарғанда, видео, фотоны бұрмалағанда. Біз бұл материалда — жалған жымию, жағымпаздану, өтірік пікір қалдыру сияқты эмоциялық фейктерге тоқталдық.
Өтірік мақтау — қылмыс та, диагноз да емес: психотерапевт
Психотерапевт, сот сарапшысы Азат Әбішев жағымпаздануды психологиялық тұрғыда манипуляцияға жатқызады.
«Психология мен зерттеулерде өтірік мақтау жөнінде нақты ұғым жоқ. Яғни мұндай әрекеттер шынайы әрі жалған да болуы мүмкін. Барлығы мотив пен мазмұнына байланысты. Мысалы, адам шынайы таң қалса немесе мақтап жатса, ол – оның темпераментінің белгісі. Ал егер мақтап, мадақтау өтірік немесе өз пайдасына тигізу сипатында болса, әлеуметтік психологияда оны интеграция деп атайды. Яғни бұл жерде жағымпаздану стратегиясы болады, ол дегеніміз – осы әрекетті өз пайдаңа асыру деген сөз. Бұл жерде ол қылмыс та, диагноз да емес. Ғылымда мұндай әрекетті аутентті (шынайы емес) емес немесе манипулятивті деп айтады», — деп түсіндірді ол.

Жағымпаздық — өмір сүру, мансап құру стратегиясы ма?
Жиырма жылдан астам тәжірибесі бар психотерапевт «Өтірік күлу, жек көріп тұрса да адамның бетіне жымию жалған әрекет пе?» деген сауалға да жауап берді.
«Бұл жерде «өтірік күлуді» қара немесе ақ деп нақты ажырата алмаймыз. Белгілі америкалық психолог Пол Экман өз еңбегінде «дюшен» күлкіге анықтама береді. Күлкінің мұндай түрінде көз маңайындағы бұлшық еттер мен жақ бұлшықеттері қатысады. Сол сияқты әлеуметтік күлкі деген бар, ол – cыпайылықтың белгісі. Сондықтан өтірік күлкіге теріс сипат бере алмаймыз. Ал қандай да бір қысым есебінен күлсе, мысалы менің кінәмді білмеуі үшін күле салайын десе – ол әрине манипулятивті әрекеттің элементтері», — деп түсіндірді маман.
Біздің қоғамда әдетке айналған жағымпаздық ше, бұл қасиетті қай топқа жатқызамыз?
«Тұрмыстық тұрғыда, иә, бұл жалған әрекет. Ал, психологияда оны интеграция немесе когнитивті диссонанс деп атайды. Адам іштей ұнатпаса да, бірақ сырттай өтірік ұнатқан болады. Тіпті қандай да бір пайдаға жету үшін, өтірік таң қалып, жағымпаздануы мүмкін. Бұл жерде әрине адамның ойы басқа, әрекеті басқа болады. Мұндай әрекет психиатрияға да, қылмыстық әрекетке де жатпайды. Бұл – өмір сүру (выживание) мен мансап құру стратегиясы», — дейді ол.
Адамның бетіне өтірік жымию — әлеуметтік маска
Психоаналитик Күлянда Төлендиева өзіне қажет кезде күле салуды әлеуметтік маскаға теңеді.
«Ол көз байланысын жоғалтып алмау, психологиялық қысымды азайту, өзіне керек қолдауды алу үшін қолданылады. Оның астарында өзінен өзгелердің бас тартуы сияқты қорқыныш тұрады. Жағымпаздыққа келер болсақ, мұндай мінез-құлық бала күнінде өзін қорғау үшін, осылай істеуге мәжбүр болудан туындайды. Адамдар есейгенде де осы модельді қайталауы мүмкін. Иә, жағымпаздану – жалған әрекет, бірақ оның астарында қорқыныш пен үрей жатыр», — деп түсіндірді маман.

Психологиялық фейк пен фактологиялық фейк
Журналист Асылхан Мамашұлы фейкті психологиялық және фактологиялық деп екіге бөлді.
«Біреу өтірік күліп, жағымпазданып жатса, оның фейк екенін біз онсыз да білеміз. Ол бізде бұрыннан бар нәрсе. Негізінде фейк деген кезде фактілерге байланысты айтамыз. Нақты бір фактіні бұрмаласа, ол — фейк. Кейде адамның көңіл-күйі үшін күресу деген бар. Адамның көңіліне қарап мақұлдай салу, келісімпаздық — адамның психологиясында бар нәрсе. Оны фактідегі фейкпен шатастыруға болмайды. Фейкті анықтаған кезде, біз фактілерге жүгінеміз. Нақты зерттеп барып, мына факт өтірік, мынау шын деп айтамыз. Оны басқа да фактілер арқылы дәлелдейміз. Ал өтірік күлу, жағымпаздануды фейктің қатарына жатқыза алмаймын. Оны психологиялық фейк десек болатын шығар. Фактология тұрғысынан мүлдем басқа нәрсе деп ойлаймын», — деді журналист.

Журналист Гүлбану Әниятқызы желіде жалған пікір жазып, жақсы көрінгісі кететіндерге қатысты ой қосты. Ол мұндай әрекетте жағымпаздықтың белгілері барын айтады.
«Кей адамдар министр немесе жоғары қызметке әлдекім тағайындалса, сол адаммен түскен суретін салып, желіде құттықтап жатады. Ол кісі 2-3 айдан кейін істі болса, ләм-мим демейді. Келесі келген адамды құттықтап, тура солай суретін салып отыра береді. Ондай жағдай өте көп. Мұндай адамдарда мүмкін «сол адамнан маған пайда тиіп қалар, қызметке шақырып қалар, күнім түсіп қалса, оған өтінішімді айтамын» деген жағымпаздықтың детальдері болатын шығар. Әйтпесе, танымайтын адамның суретін не үшін желіге жүктейді? Құттықтағысы келсе жекеге жазсын. Желіге салып, оған арнайы пост жазатын дүние емес деп ойлаймын. Министр, басқасы болса да ол кәдімгі қызмет. Дәл осындайды елдің алдында жүрген журналист, блогерлер жасаса, олар елді адастырады деп ойлаймын. Қандай деңгейде? Мысалы, қызметі бар адамды өзі емес, қызметі үшін сыйлау керек деген ой қалыптастырады», — деді ол.

Журналист желіде қандай да бір тауарды немесе мейрамханадағы қызмет пен тағамды мақтап, шындыққа сәйкес келмейтін пікір жазуды да – адамды алдау, манипуляция деп түсіндірді.
«Кәсіпкер өзінің тамыр-танысы, туған-туыстарына жақсы пікірлерді жаздырып, адамдар сол сөзге сеніп, алданып қалуы мүмкін. Яғни, ашық түрде адамдарды алдау, оларға манипуляция жасау», — дейді ол.
Маркетолог: тауар туралы жалған пікір жазу — клиентті алдау, адастыру
Маркетолог Исмаил Хасанов кәсібін енді бастаған кәсіпкерлер үшін желідегі бизнес-парақшада жалған пікір қалдыру – клиент тартудың жолы екенін атап өтті.
«Кез келген бизнес клиент тарапынан айтылатын жағымды пікірге қашан да мұқтаж болады. Себебі, ол – клиент тартудың негізгі жолы, тұтынушы өзі сияқты басқа адамның сөзіне жиі сенеді. Бірақ шынтуайтында ол — клиенттерді алдау мен адастырудың жолы. Бизнес парақшаларда мұндай пікірлерді ажырату үшін, олардың жазу стиліне мән беру керек. Мысалы, леп белгісі көп қойылуы мүмкін. Оң пікірлер тым көп болса да ойлану керек. Ол дегеніміз — жаман пікірлер өшірілген деген сөз. Негізі бизнесте тек жақсы пікірлер болуы мүмкін емес. Кейбіреулер айлакерлікке басып, пікір жазғанда нақты бір адамға алғыс айтуы мүмкін. Ол да адамдарды алдау тәсілі», — деді ол.

PR-шы Дина Ораз жалған пікір жазғандарға заңда ешқандай жауапкершілік қарастырылмағанын айтады.
«Бізде адамдар арасында кез келген тауарды алмас бұрын оны 2 Gis немесе әлеуметтік желілер арқылы бағалау қалыптасып қалды. ТМД елдерінде әлеуметтік желілердің дамығаны соншалық, тауарды алған соң, оны көріп, тұтынып, «сарафанды радио» емес, желідегі пікірлеріне қарап, бағалайтын болғанбыз. Ол дегеніміз – нейромаркетингтің бір бөлігі, яғни адамның миына тікелей әсер ету. Кейбір кәсіпкерлер тіпті, 2 Gis-те пікір қалдырсаңыз, 10 пайыз жеңілдік жасаймыз деп, жалған пікір қалдыруға мәжбүрлеуі мүмкін. Бірақ заң тұрғысынан біз оларды жауапкершілікке тарта алмаймыз, себебі «онлайн-платформа» деген ұғымның өзі заңға 2 жыл бұрын ғана енді. Қорытындылай келе, біз жалған пікірді – жалған әрекет, манипуляция деп айта алмаймыз, бұл тек маркетингтік құрал», — деді маман.

Ал қылығын жалған адам қылмыстық жауапкершілікке тартыла ма, психотерапевт, сот сарапшысы Азат Әбішев жауап берді.
«Жалпы комплимент айту, күлу, жағымпаздану, өтірік жақсы сөз айту, лайк басу, коммент жазу – қылмысқа жатпайды. Азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тек алдау мен материалдық шығын болған жағдайда тартылады. Көптеген елде ол алаяқтықтың әр түріне жатқызылады. Мәселен тұтынушыны адастыру, жалған жарнама, сол сияқты саналы түрде жалған ақпарат беру, қасақана, өтірік жала жабу – әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке алып келуі мүмкін. Ал сотта жалған айғақ айту, жеке дәлелдерді бұрмалау — қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Бұл ретте жалған жымию, жағымпаздану, өтірік пікір жазу – бұл моральдық-этикалық мәселе, қылмыстық емес», — дейді ол.
Сонымен, жалған ақпарат, жалған құжат, жалған дәрі (ред. контрафакт) сияқты адам бойында жалған эмоциялар да болады. Біріншісі — қылмыс. Ал өтірік күлкі, жағымпаздану мен жалған пікір қалдыру — эмоциялық фейк. Ол үшін жауапкершілік қарастырылмаған.


