NoFake

Отбасы банкпен үй алу үшін қаржы 6 ай шотта жатуы міндетті ме

Фото: Отбасы банк

Желіде Отбасы банкпен үй алу үшін, шотта қаржы 6 ай немесе 3 жыл жатуы міндетті емес деген ақпарат тарады. Nofake.kz банктен аталған жаңалық қаншалықты рас екенін сұрап білді.

«Тұрғын-үй құрылыс жинағы жүйесінің негізгі өнімі — ол тұрғын-үй несиесі. Ол қалай беріледі? Отбасы банк клиенті, жалпы жүйе қатысушысы депозитте үйдің бағасының бастапқы жарнасын, яғни 50%-ын жинауы тиіс. Бұл бірінші талап. Екінші талап бойынша, ол қаржыны депозитте кем дегенде 3 жыл сақтауы тиіс. Үшінші шарт, оның бағалау көрсеткіші (ред. ОП) 16-ға жетуі тиіс», — деп түсіндірді банк өкілдері.

Бұл ретте, банк өкілдері бағалау көрсеткіші дегеніміз — азаматтардың қаржылық тәртібінің көрсеткіші екенін атап өтті. Яғни, клиенттің депозитке қаншалықты тұрақты түрде қаражат құюын білдіретін ұғым.

«Егер клиент жоғарыда аталған үш талапты орындаса, үй бағасының қалған 50%-ына несиені 3,5-5% мөлшерлеме көлемінде алуға болады. Бұл тұрғын-үй несиесіне қажет талаптар», — деді мамандар.

Үш жыл күткісі келмейтіндерге

Сонымен бірге Отбасы банк мамандары клиент егер қаржының 3 жыл бойы депозитте жатқанын қаламаса және оның қолында немесе депозитінде баспана бағасының 50%-ы болса, онда ол аралық несие ала алатынын атап өтті.

«Яғни, аты айтып тұрғандай, клиент тұрғын-үй несиесін күтетін кезде, осы аралықта ол аралық несиені ала алады. Мұндай несиенің жылдық мөлшерлемесі 6-8,5%-ды құрайды. Ол үшін депозитте үй бағасының 50% қаржысы болуы тиіс және оны 3 жыл күтіп керек емес. Бұл жерде маңызды мәселе — бағалау көрсеткіші 5-тен төмен болмауы керек», — деді банк өкілдері.

Отбасы банк мамандарының сөзінше, бағалау көрсеткіші кемінде 5-ке жету үшін, азаматтар 6 ай уақыт күтіп, депозитте жарты жыл бойы қаржысын сақтауы қажет.

«Бұл дегеніміз адамдар егер депозитке бірден үйдің жарты бағасын құрайтын қаржыны салса, онда ең көп дегенде 6 ай уақыт күтеді. Себебі тек сол кезде ғана олардың бағалау көрсеткіші 5-ке жетіп, олар аталған пайыздық мөлшерлемемен үй ала алады», — деді мамандар.

Бағалау көрсеткіші туралы

Сол сияқты Отбасы банк мамандары егер клиент депозитті 2-3 жыл бұрын ашып, бастапқы жарна ретінде қаржының 20%-ын құйса, қалғанын осы жылдар бойы жинап отырса, онда тиісінше оның бағалау көрсеткіші жоғары болатынын айтты.

«Ондайда әрине азаматтарға 6 ай уақыт күтіп керек емес. Яғни, аралық несиеде басты нәрсе жарты жыл уақыт емес, бағалау көрсеткішінің кем дегенде 5-ке жетуі. Бұл көрсеткішке жету үшін, әр клиент әр түрлі ақша аударып, түрлі уақыт аралығында жетуі мүмкін. Демек әркімде әрқалай уақыт, әр түрлі бағалау көрсеткіші болады», — деді олар.

Банк мамандары бұл ретте желідегі түрлі ақпаратқа емес, банктің ресми сайты мен бөлімшелердің өзінде кеңес беретін менеджерлер ұсынған ақпаратқа ғана сенуге шақырды.

Оқу үшін