«Отбасы банк» қосымшасы істен шықты: банк түсініктеме берді

Фото: finratings.kz
«Отбасы банк» өз қосымшасы мен enpf-otbasy порталының не себепті жұмыс істемей тұрғанын түсіндірді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Азаматтар «Отбасы банк» қосымшасы мен enpf-otbasy порталының жұмыс істемей тұрғанына шағымданып жатыр.

«Отбасы банк» жүйедегі ақауларға байланысты ресми түсініктеме берді.
«Қазіргі уақытта банктік сервистер бойынша техникалық жұмыстар жүргізілуде. Бұл процесс жоспарланғаннан ұзағырақ уақытты алды. Өкінішке қарай, уақытша түрде банк бөлімшелерінде, Баспана маркет платформасында және мобильді қосымшада операциялар қолжетімсіз. Сондай-ақ байланыс орталығы уақытша жұмыс істемейді», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, онда мамандар барлық жүйелер мен банктік операциялардың мүмкіндігінше тезірек қалыпты режимде жұмыс істеуі және клиенттердің банк қызметтерін толық пайдалана алуы үшін жұмыстар жүргізіп жатқандығы хабарланған.
«Түсіністік танытқандарыңыз үшін рақмет және уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз», — деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін «Отбасы банк» операторларын алаяқтардан қалай ажыратуға болатынын жазған едік.


