NoFake

Отбасы банк БЖЗҚ-да артылған соманы пайдалана отырып қарызды өтеу ережесін өзгертті

7ea581ea44b6146258ab8019c5194c12 L

Фото: 24kz

Отбасы банк зейнетақы жинақтарының артығын пайдалана отырып, қарыздарды ішінара өтеудің жаңа ережелерін түсіндірді, деп хабарлайды nofake.kz/.

Отбасы банк тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілгенін хабарлады.

«Бұл өзгерістер зейнетақы жинақтарының артығын жұмсауға болатын бір мақсатқа – Отбасы банкіндегі (Бәйтерек холдингінің еншілес ұйымы) қарыздар бойынша берешекті ішінара және толық өтеуге қатысты. Аталған мақсат қазақстандықтарға ипотека бойынша ай сайынғы төлемдерді өтеуге мүмкіндік беріп келген. Бұл түзетулер Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушының бұйрығымен бекітілді. Аталған өзгеріс 2026 жылдың 31 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі», — делінген хабарламада.

Бұрын Отбасы банкіндегі қарыздарды ішінара өтеу қалай жүзеге асырылды?

Отбасы банк қарыздарды ішінара өтеу процесін түсіндірді.

«Бұрын банк клиенті enpf-otbasy.kz платформасына кіріп, «Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық қарыздың берешегін ішінара өтеу» мақсатын таңдайтын. Сөйтіп, өтінімді рәсімдеп, зейнетақы қорындағы артық жинақтарды пайдалануға сұрау жіберетін. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) өтінімді 5 жұмыс күні ішінде қарайтын және зейнетақы жинақтарының артығы болған жағдайда, біржолғы зейнетақы төлемі (БЗТ) сомасын Отбасы банкіндегі арнайы шотқа аударатын. Сосын қаражат түскеннен кейін клиент оны 20 жұмыс күні ішінде пайдалануы тиіс болатын. Әдетте, қарызды ішінара мерзімінен бұрын өтеу рәсімі кезекті несие төлемі жасалатын күні іске қосылатын. Соның нәтижесінде қарыз бойынша ай сайынғы төлем өтелетін», — делінген хабарламада.

Отбасы банк, бұл ретте несие бойынша ай сайынғы төлем бірнеше бөліктен тұратынын мәлімдеді:

– негізгі қарыздан – бұл банктің тұрғын үй сатып алу үшін клиентке берген қаражаты;

– банктің сыйақысынан – тұрғын үй сатып алуға берілген қаражатты пайдаланғаны үшін есептелетін пайыздар;

– мүмкін болатын мерзімі өткен берешек пен өсімпұлдардан — төлем уақытында жасалмаған жағдайда есептеледі;

– кейінге қалдырылған төлемдерден – егер қарыз қайта құрылымдалған болса;

– депозиттегі жинақтардан – алдын ала қарыз берілген жағдайда.

Енді зейнетақы жинағындағы артылған соманы тұрғын-үй жағдайын жақсарту мақсатында қалай пайдалануға болады. Банк түсіндірді.

Қандай өзгерістер енгізілді?

«Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларында «берешек» ұғымы «негізгі қарыз» ұғымымен алмастырылды. Бұл дегеніміз, енді зейнетақы жинақтарының артығын пайдалана отырып, несие бойынша ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу кезінде тек негізгі қарызды ғана өтеуге болады. Біржолғы зейнетақы төлемі есебінен ай сайынғы төлемді толық жабу мүмкін болмайды. Несие бойынша сыйақы (пайыздар) және ай сайынғы төлем құрамына кіретін басқа да ілеспе төлемдерді қарыз алушы өз қаражаты есебінен төлеуі тиіс», — делінген хабарламада.

Енді Отбасы банкіндегі қарыздарды ішінара және толық өтеу қалай жүзеге асырылады?

Жаңа талаптардың енгізілуіне байланысты Отбасы банкіндегі қарыздарды ішінара немесе толық өтеу процесін қайта бейімдеу қажет екенін айтады. Бұл белгілі бір уақытты талап етеді.

Алдағы уақытта бұл операция екі кезеңнен тұратын болады:

– алдымен несие бойынша сыйақы және басқа да ілеспе төлемдер қарыз алушының өз қаражаты есебінен төленеді;

– содан кейін негізгі қарыз зейнетақы жинақтарының артығы есебінен өтеледі.

«Осыған байланысты Отбасы банкіндегі ағымдағы және арнайы шоттарда қажетті қаражаттың алдын ала болуын қамтамасыз ету қажет», — делінген хабарламада.

Өтінімдерді қабылдау қай уақытқа дейін тоқтатылады?

Отбасы банк баспасөз қызметі банктің қашықтан көрсетілетін қызметтерін – мобильді қосымшаны және otbasybank.kz сайтындағы жеке кабинетті – жаңа талаптарға бейімдеу мақсатында, біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып, қарыздарды ішінара немесе толық өтеуге арналған өтінімдерді қабылдауды уақытша тоқтатуға мәжбүр екенін мәлімдеді.

«Еnpf-otbasy.kz платформасында өтінімдерді қабылдау 2026 жылдың 30 қаңтарынан 31 қаңтарына қараған түннен бастап 2026 жылдың 2 наурызына дейін тоқтатылады. 2026 жылдың 30 қаңтарын қоса алғандағы мерзімге дейін берілген өтінімдер бұрынғы ережелерге сәйкес жұмыс тәртібінде қаралады. enpf-otbasy.kz платформасында БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарының артығын сұрату процесі өзгеріссіз қалады», — деп түсіндірді банк өкілдері.

Банк, бұл ретте тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында зейнетақы қаражатын пайдаланудың басқа барлық бағыттары өзгеріссіз сақталатынын атап өтті. Сонымен бірге, банк жаңа ережелерге сәйкес, процестің қалай жүзеге асатыны жөнінде нақты мысал келтірді.

Банк клиентінің зейнетақы жинақтарының артығы 200 000 теңге. Ол бұл қаражатты алдын ала тұрғын үй қарызы бойынша ай сайынғы төлемді өтеу үшін пайдаланғысы келеді.

Алдын ала қарыздар банктің мемлекеттік және өз бағдарламалары аясында 2%-дан бастап мөлшерлемемен беріледі. Бастапқы жарна 10%-дан басталады. Бұл қарыз түрі тұрғын үй құнының 100% көлемінде беріледі және несие бойынша сыйақы толық берілген сомаға есептеледі. Бастапқы жарна есепке алынбайды, ол Отбасы банкіндегі депозитте сақталады. Қарыз алушы несие бойынша төлем жасаумен қатар депозиттегі жинақтарын несие сомасының 50%-ына дейін толықтыруы тиіс. Бұл – тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінің талаптары.

Осыған байланысты алдын ала қарыз бойынша ай сайынғы төлем екі бөліктен тұрады:

– банктің сыйақысын (пайыздарын) төлеу;

– депозитке міндетті жинақ жарнасын аудару.

Депозитте несие сомасының 50%-ы жиналғаннан кейін, бұл қаражат қарызды өтеуге бағытталады, ай сайынғы төлем мөлшері азаяды және содан кейін клиент негізгі қарыз бен оған есептелетін сыйақыны төлей бастайды.

Алдын ала қарыз бойынша клиенттің ай сайынғы төлемі келесі сомалардан тұрады:

– ай сайынғы төлемнің жалпы сомасы – 75 000 теңге;

– алдын ала қарыз бойынша сыйақы – 25 000 теңге;

– депозитке міндетті жарна –  50 000 теңге.

«Бұрынғы ережелер бойынша ішінара мерзімінен бұрын өтеу функциясын пайдалана отырып, клиент 75 000 теңге мөлшеріндегі ай сайынғы төлемді толықтай біржолғы зейнетақы төлемі (БЗТ) есебінен өтей алатын. Бұл жағдайда БЗТ-ның қалған 125 000 теңгесі негізгі қарызды өтеуге бағытталатын. Жаңа ережелерге сәйкес, клиент алдымен өз қаражаты есебінен ағымдағы шотта несие бойынша сыйақыны және депозитке міндетті жарнаны қамтамасыз етуі тиіс. Тек содан кейін ғана ол 200 000 теңге мөлшеріндегі біржолғы зейнетақы төлемі есебінен негізгі қарызды өтей алады», — делінген хабарламада.

Айта кетейік, БЖЗҚ 2026 жылдан бастап зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін ең төменгі жеткіліктілік шектерін арттырған еді.

Оқу үшін