Орталық сайлау комиссиясы Референдум күнтізбесін жариялады

Фото: depositphotos
Бүгін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысында 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспары бекітілді, деп хабарлайды NoFake.kz.
ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның айтуынша, референдум күнін белгілеуден бастап дауыс беру күніне дейінгі науқан ұзақтығы 32 күнді құрайды.

Оның мәліметінше, дауыс берушілер тізімін жасау жұмысы референдум күні белгіленгеннен кейін бірден әкімдіктер тарапынан басталады. Дауыс беру күніне 20 күн қалғанда, яғни 22 ақпанда тиісті әкімнің қолы қойылған тізімдер референдум учаскелеріне жолданып, электронды түрде Орталық комиссияға беріледі. Дауыс беру күніне 15 күн қалғанда, яғни 27 ақпаннан бастап азаматтар учаскелерде тізімдермен таныса алады.

Сондай-ақ учаскелік референдум комиссиялары дауыс беру күніне 10 күн қалғанда, яғни 4 наурызға дейін азаматтарды дауыс беру орны мен уақыты туралы хабардар етеді. Үгіт-насихат жұмыстары 12 ақпаннан бастап 14 наурыз сағат 00:00-ге дейін жүргізіледі. 14 наурыз – дауыс беру алдындағы тыныштық күні.
Дауыс беру 15 наурыз күні сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Бұл уақыт аумақтық референдум комиссияларының шешімімен дауыс берушілерге қолайлы болу үшін өзгертілуі мүмкін. Ал Орталық комиссияның референдум қорытындылары туралы ресми хабарламалары бұқаралық ақпарат құралдарында дауыс беру өткен күннен бастап жеті күннен кешіктірілмей, яғни 21 наурызға дейін жарияланады.
Айта кетейік, 2026 жылғы 11 ақпанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.


