Oreo печеньесі қауіпті — жалған

Фото: pixabay.com
ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті желіде тараған Oreo печеньесінің қауіптілігі туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды nofake.kz/.
Әлеуметтік желіде Oreo печеньесінің қауіптілігі туралы видео тарады. Онда тәттінің кремді салмасы «пластикалық желім» екені және печеньенің «артерияларды бітеп тастауы» мүмкін екендігі айтылады.
ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті аталған ақпаратты жоққа шығарды.
«Oreo печеньесінің қауіптілігі туралы әлеуметтік желілерде таралған, оның кремді салмасы «пластикалық желім» екені және печеньенің «артерияларды бітеп тастауы» мүмкін екені жөніндегі ақпарат шындыққа жанаспайды және ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Кондитерлік өнімдер, оның ішінде печенье, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағында тек Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келген жағдайда ғана айналымға жіберіледі. Атап айтқанда ТР ТС 021/2011 «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» — микробиологиялық, токсикологиялық және физика-химиялық көрсеткіштер бойынша және ТР ТС 022/2011 «Тағам өнімдерін таңбалау бөлігіндегі талаптар» — өнімнің атауын, құрамын, тағамдық құндылығын, өндірілген жерін, өндіруші және шағымдарды қабылдайтын тарап туралы мәліметтерді, жарамдылық мерзімін және сақтау шарттарын көрсету бөлігінде айналымға ұсынылады», — делінген хабарламада.
Ведомство 2025 жылы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында жүргізілген бақылау мақсатындағы сатып алу аясында Oreo печеньесінің үлгілері зерттелгенін мәлімдеді.
«Зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша микробиологиялық және токсикологиялық көрсеткіштер бойынша техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін жағдайлар анықталған жоқ. Зерттелген барлық үлгілердің таңбалануы белгіленген талаптарға толық сәйкес келді», — делінген хабарламада.
Ведомство азаматтарды қырағылық танытуға, күмәнді дереккөздерден алынған жалған ақпаратқа сенбеуге және тек ресми дереккөздерде жарияланған тексерілген ақпаратты басшылыққа алуға үндейді.


