Орал тұрғыны Көкшетауда жалған пәтер үшін 30 мың теңге алып кеткен

Фото: Depositphotos
Көкшетауда пәтер жалдамақ болған тұрғын интернеттегі жалған хабарландыруға алданып, 30 мың теңгесінен айырылды. Күдікті Орал қаласында болған, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Орал қаласының тұрғыны интернетте Көкшетауда пәтер жалға беретіні туралы хабарландыру орналастырған. Клиенттерді тарту үшін ол өзгенің баспанасының фотосуреттерін пайдаланып, жалдау ақысын нарықтағы бағадан төмен көрсеткен», — делінген полиция хабарламасында.
Хабарландыруға Көкшетау тұрғыны қызығушылық танытып, «пәтер иесімен» байланысқан. Ол ақпараттың рас-өтірігін және пәтердің шынымен бар-жоғын тексерместен, алдын ала төлем ретінде 30 мың теңге аударған. Ақша түскеннен кейін «пәтер иесі» байланысқа шықпай қойған. Алданғанын түсінген тұрғын полицияға арызданған.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері күдіктіні анықтады. Ол Орал қаласының тұрғыны болып шықты. Тергеу барысында оның ұялы телефоны тәркіленіп, заттай дәлел ретінде іс материалдарына тіркелген. Қазір полицейлер оның осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Полиция пәтер іздегенде нарықтағы бағадан айтарлықтай арзан ұсыныстарға сақ болуға шақырады. Алаяқтар басқа сайттардағы нақты пәтерлердің фотосуреттерін көшіріп алып, «бронь» немесе алдын ала төлем деген сылтаумен ақша сұрауы мүмкін.
Баспана жалдамас бұрын пәтерді өз көзіңізбен көріп, құжаттарын және оны жалға берушінің баспанаға құқығын тексерген жөн. Сондай-ақ пәтерді көрсетпей тұрып ақша аударуды талап ететін немесе кездесуден бас тартатын адамдарға ақша жібермеу керек.


