Банк жаңа клиенттерді онлайн алаяқтықтан қалай қорғайды — сарапшы түсіндіреді

Коллаж: nofake.kz/
Қазақстанда Мәжіліс банк және банк қызметі туралы заңды мақұлдады. Депутаттар қаржы нарығын дамыту және реттеу мәселелеріне тиісті түзетулер енгізді. nofake.kz/ жаңа заңда не қарастырылғанын зерттеп көрді.
Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде «менің атыма несие рәсімделіп кеткен», «банктен хабарласты, мен ешқандай несие алмағанмын» деген шағымдар жиілеп кетті.

Онлайн қызметтер мен биометриялық сәйкестендірудің кеңінен таралуы азаматтардың өмірін жеңілдеткенімен, қаржы алаяқтарының жаңа әдістерін де туғызды. Қазақстан Парламенті Мәжілісі қабылдаған банк және банк қызметі туралы заңға енгізілген түзетулер — дәл осы өзекті мәселені шешуге бағытталған.
Заңдағы басты жаңалық
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов пен заңгер Бақытжан Базарбек ұсынған өзгерістердің негізгі мақсаты — азаматтардың келісімінсіз онлайн несие рәсімдеу фактілерінің алдын алу.
Жаңа талап: енді несие алу үшін азамат банкке өз аяғымен барып, жеке басын растауы тиіс.
Биыл қыркүйектен бастап, егер адам банкке бармай-ақ несие рәсімделсе, ол алаяқтық несие деп танылады. Мұндай жағдайда банктің өзі шығынды өз есебінен жабады. Депутат Әбенов түсіндіргендей, биометрия міндетті түрде банк филиалында тіркелуі қажет, әрі клиенттің бейнежазбасы мен деректері банк жүйесінде сақталады.
Алаяқтықтың себептері
Заңгерлердің пікірінше, онлайн несие алудағы алаяқтықтың өршуіне банктердің өздері ықпал еткен. Бұған дейін банктер азаматтың рұқсатынсыз электрондық қол қоюды жүзеге асырып, оның атынан келісімшарттарды бекіте алған.
«Банктер адамдардың орнына электрондық қол қою құқығын заңсыз алып алған. Біз енді бұл үшін жауапкершілікті банктің өзіне жүктейміз», — дейді Мұрат Әбенов.
Нақты шаралар мен жаңалықтар
Тәуелсіз экономика сарапшысы Айбар Олжаев алаяқтық несиелердің алдын алуға бағытталған қабылданған шараларды нақтылап берді:
Биометриясыз рәсімделген несие банк есебінен жабылады. Мұндай несие үшін азамат жауап бермейді. 2024 жылдан бері 1500-ден астам несие осылай сотсыз, банкпен жабылған.
“Суыту кезеңі” — ойынан қайтуға арналған уақыт енгізілді.
– 500 мың теңгеден жоғары несиеге — 8 сағат,
– 1 млн теңгеден жоғары несиеге — 24 сағат «пауза» беріледі.
Бұл уақыт азаматқа ойланып, шешімін өзгертуге мүмкіндік береді.
Қайта несие беруге шектеу. Бұрыннан несиесі бар азаматқа қосымша несие берілмейді.
Бұл шара — азаматтарға шамадан көп артық несие бермеуге бағытталған.
Отбасылық келісім талабы. Егер 3 млн теңге көлемінде несие алынатын болса, ерлі-зайыптылардың екінші тараптың келісімі қажет.
Пайыздық мөлшерлеме төмендетілді. Жылдық тиімді ставка 55–56%-дан 46%-ға дейін азайды.
Жаңа заңның мақсаты — азаматтардың рұқсатынсыз несие рәсімдеуді тоқтату, ал алаяқтық несиелер үшін жауапкершілікті банкке жүктеу. Егер сіздің атыңызға бұрын жалған несие рәсімделсе — құзырлы органдарға шағым жазуға құқығыңыз бар.
Мемлекет қаржы нарығын цифрландырумен қатар, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған шараларды да күшейтіп келеді. Нәтижесінде, онлайн несие алаяқтығын 60%-ға дейін азайту көзделіп отыр.


