NoFake

Норвегия бастауыш сыныптарда ЖИ-ді пайдалануға шектеу қоймақшы

Фото: depositphotos

Норвегия үкіметі бастауыш сынып оқушыларының генеративті жасанды интеллект құралдарын пайдалануына іс жүзінде тыйым салмақ. Бұл туралы елдің премьер-министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters.

Жаңа ереже 2026–2027 оқу жылының басынан бастап күшіне енеді. Оған сәйкес, 1–7 сыныптарда оқитын, яғни 6–13 жас аралығындағы балаларға AI құралдарын қолдануға жалпы түрде рұқсат берілмейді. Ал 14–16 жастағы оқушылар мұғалімнің бақылауымен ғана пайдалана алады. Жоғары сыныптарда (17–19 жас) жасанды интеллектіні жоғары оқу орны мен еңбек нарығына дайындық аясында жауапкершілікпен қолдануға үйретіледі.

Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёре жасанды интеллектіні ерте жастан қолдану балалардың негізгі білім дағдыларын меңгеруіне кері әсер етуі мүмкін екенін айтты.

«Мектептегі ең маңызды нәрсе – балалардың оқуды, жазуды және математиканы меңгеруі», – деді премьер-министр.

Үкімет бұл шешімді елдегі білім сапасының төмендеуіне байланысты қабылдап отыр. Бұған дейін Норвегия 2024 жылы мектептерде смартфон пайдалануға тыйым салып, мұғалімдердің тәртіпті қадағалау өкілеттігін кеңейткен. Сонымен қатар қағаз кітаптарды қайтадан кеңінен қолдануға қаржы бөлуді көздейтін заң жобасын әзірлеп жатыр.

Бұдан бөлек, Норвегия билігі 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу енгізуді де жоспарлап отыр. Бұл қадам жастардың экран алдында өткізетін уақытын азайтуға бағытталған халықаралық үрдістің бір бөлігі саналады.

Оқу үшін