Үндістандағы Нипах вирусының бес жағдайы туралы хабар жалған болып шықты

Фото: freepik.com
Елде тек бұрын тіркелген жағдайлар ғана анықталып, расталған, Нипах вирусының өршуі тіркелмеген, деп хабарлайды nofake.kz/.
Үндістанның Денсаулық сақтау министрлігінің нақтылауынша, расталған болып тек бұрыннан белгілі жағдайлар ғана қалып отыр, ал «бес адам жұқтырды» деген деректер сенімсіз немесе мерзімінен бұрын таратылған ақпаратқа негізделген. Жағдай тұрақты бақылауда, эпидемиологиялық мониторинг жүргізіліп, байланыста болған адамдар тестілеуден өтуде.
«Орталық және өңірлік денсаулық сақтау органдарының үйлестірілген жұмысының арқасында эпидемиологиялық қадағалау күшейтілді, зертханалық зерттеулер мен далалық тексерулер жүргізілді, бұл аурудың таралуын дер кезінде тежеуге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта Нипах вирусын жұқтырудың жаңа жағдайлары анықталған жоқ», — делінген Үндістан үкіметінің мәлімдемесінде.
Осылайша, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тараған Нипах вирусының бес жағдайдан тұратын өршуі туралы мәліметтер жалған болып табылады.
Ал Қазақстанда Нипах вирусын жұқтырудың бірде-бір жағдайы тіркелмеген, сондай-ақ инфекцияның ел аумағына әкелінуі де анықталмағанын бұған дейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлаған. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты және медициналық қызметтердің бақылауында.


