Сайлау учаскесіндегі «өшетін қалам» туралы видеоның мақсатын саясаттанушы түсіндірді

Фото: depositphotos
Әлеуметтік желіде дауыс беру учаскелерінің бірінде сиясы өшірілетін қалам жайлы видео тарады. Nofake.kz видеоның қаншалықты шынайы екенін анықтады.
Threads желісіндегі қолданушылардың бірі «Сайлаудағы «ғажайып қалам», Жаңа Қазақстан» деген жазбасы бар видео жариялаған. Онда дауыс беру учаскелерінің біріне барған азаматтың қаламмен ақ параққа жазып, кейін оны жалын көмегімен өшіргенін көруге болады.

Желі қолданушылары арасында аталған видео қызу талқыға түскен. Олардың бірі видеоның ескі екенін хабарласа, енді бірі ондағы жағдай Қазақстанда орын алмағанын, видеодағы азамат басқа ел азаматы болуы мүмкін екенін жазған.

Айта кетерлігі, автор видеоны қайдан алғаны белгісіз. Желі қолданушысы оны 4.03 күні жарияласа да, түпнұсқа видеоның нақты қай жерде және қай уақытта түсірілгені айтылмаған.
Сонымен қатар, отандық БАҚ-ның бірқатарында 2019 жылы осыған ұқсас видеолардың көбейгені жайлы материалдар жарияланған еді. Олардан мұндай видеолардың бұған дейін де болғанын, сондықтан бұл бейнежазбаны 6-7 жыл бұрынғы ескі видеоға жатқыза алатынымызды көруге болады.
Десе де, видеоның өзінде желідегі пабликтердің бірінің логотипі байқалады. Аталған лого бойынша Instagram желісінде @ushtobe.kz парақшасын іздегенімізде, оның жергілікті пабликтердің бірі екенін, онда сол өңірге қатысты түрлі контент ұсынылатынын байқадық.

Дегенмен парақша сайлау немесе дауыс беру учаскелеріне қатысты ақпарат таратпайды, яғни бағыты ондай емес. Сондықтан, бұл бейнежазбаның нақты қайда әрі кім түсіргенін беймәлім болғандықтан, ол Қазақстанға қатысы жоқ болуы әбден мүмкін.
Сондай-ақ, Threads әлеуметтік желісінде осындай ескі видеоларға қатысты жазбалар пайда бола бастады. Онда азаматтарды референдумға тек өз қаламымен баруға, өйтпеген жағдайда дауыс беру белгісінің жойылатыны жазылған. Десе де, мұндай видеолардың ескі екенін, мұндай оқиғаның бүгінгі референдумда тіркелмегенін тағы да еске саламыз.

Жалпы, мұндай бейнежазбалар көпшіліктің референдумға деген сенімін төмендету үшін әдейі жариялануы ықтимал. Сарапшылар осы сипаттағы контент референдумда жалған фактілер орын алатынына үндейтінін, алайда шындығында оған қандай да бір дәлел болмайтынын айтады.
Осы ретте, елдегі саяси науқан алдында не себепті мұндай ескі, я болмаса өзге елдегі видеолардың желіде көбейіп кететінін білу үшін, саясаттанушы Жанерке Қайратқызын тілге тарттық. Оның айтуынша, мұндай видеолар референдум мен билікке деген сенімсіздікті туғызу үшін әдейі таратылуы мүмкін.
«Иә, жалпы мұндай видеолар белгілі топтармен қасақана таратылуы мүмкін, кейін көрген адамдар бір біріне жіберіп дезинформация ары қарай тарайды. Адам негативті эмоцияға берілгіш, сол себепті жаман нәрсеге жақсы жаңалыққа қарағанда оңай әрі тез сенеді. Мұндай видеолаодың мақсаты — билікке деген сенімге селкеу түсіру болуы мүмкін. Яғни, билік пен халық арасына іріткі салуды көздеуі ықтимал және олар референдум, сайлау алдында әдейі таратылуы да мүмкін», — деді ол.
Егер сіз осы сипаттағы видеоны көрсеңіз, Nofake.kz редакциясына тексеруге жібере алатыныңызды хабарлаймыз. Ол үшін https://t.me/nofakefeedback_bot сілтеме бойынша өтіп, тиісті видео немесе хабарламаны жолдай аласыз.
Айта кетейік, Қазақстанда 2026 жылғы 15 наурызда Жаңа Конституцияға қатысты жалпыұлттық референдум өтіп жатыр. Онда Қазақстан халқы Конституцияның жаңартылған нұсқасына дауыс беретін болады.


