Министрлік: ешкімге ақылы еңбекке жарамсыздық парағы берілмейді

freepik.com
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылдан өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) есебінен ақылы еңбекке жарамсыздық парағы беріледі деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, МӘСҚ қаражаты есебінен әлеуметтік төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына және нақты әлеуметтік тәуекелдер болған жағдайда ғана төленеді. Оларға мыналар жатады:
- еңбек қабілетінен айырылу;
- асыраушысынан айырылу;
- жұмысынан айырылу;
- жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылу;
- бала күтіміне байланысты табысынан айырылу (1,5 жасқа дейін).
Сонымен қатар, министрлік уақытша еңбекке жарамсыздық (яғни, ауру парағы негізіндегі төлемдер) өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға да, жалдамалы қызметкерлерге де МӘСҚ есебінен төленбейтінін атап өтті.
Алайда, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін әлеуметтік төлемдерді төлеуді көздейтін жаңа салық режимі күшіне енеді. Бұл азаматтарға жоғарыда көрсетілген әлеуметтік тәуекелдер болған жағдайда МӘСҚ арқылы төлем алуға құқық береді.
Министрлік азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады және жалған ақпарат таратпауға үндейді.


