Министрлік Kinder шоколадының зияны туралы мәліметті жоққа шығарды

Фото: freepik.com
Санитарлық дәрігерлер бұл ақпараттың ескіргенін және тексерулермен расталмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Әлеуметтік желілерде Kinder өнімдерінің денсаулыққа қауіпті екені айтылатын ескі видео қайта тарады. Ролик авторлары шоколад құрамында онкологиялық ауру тудыруы мүмкін заттар бар деп мәлімдейді.

Атап айтқанда, видеода мұнай өңдеу кезінде пайда болуы мүмкін минералды хош иісті майлар табылғаны айтылған. Қауіпті концентрация осындай қосылыстардың 20 өнім үлгісінің үшеуінен анықталды деген уәж келтіріледі.
Алайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Әлеуметтік желілерде Kinder өнімдерінде қауіпті заттар бар деген ақпарат таралуда. Хабарлаймыз, бұл деректер ескірген және 2016 жылға қатысты. Ол кезде ЕАЭО-ның құзырлы органдары тексеру жүргізіп, ешқандай заңбұзушылық анықталған жоқ», — деді министрлікте.
Сондай-ақ комитет қазіргі уақытта Kinder өнімдеріне қатысты тұтынушылардан шағымдар мен өтініштер түспегенін мәлімдеді.


