Министрлік дәрі қымбаттап жатыр деген қауесетті жоққа шығарды

Фото: gov.kz
Әлеуметтік желілерде дәрілік заттар бағасының жаппай өскені туралы ақпарат тарады. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәліметтерді жоққа шығарды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті:
«Әлеуметтік желілерде тараған дәрілік заттар бағасының жаппай өсуі туралы ақпарат жүргізілген мониторингтің нақты деректеріне сәйкес келмейді», – деп мәлімдеді.
Комитеттің хабарлауынша, 2025 жылы елімізде дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеудің жаңартылған тетігі іске асырылып жатыр.
«Бұл тетік баға қалыптастырудың ашықтығын, объективтілігін және болжамдылығын арттыруға бағытталған», – делінген министрлік хабарламасында.
Қазіргі уақытта 4994 сауда атауындағы дәрілік заттарға шекті бағалар бекітілген. Сонымен қатар 1707 рецептісіз босатылатын препарат мемлекеттік реттеуден шығарылып, тұрақты мониторинг жағдайында нарықтық бағамен сатылуда.
20 өңірде жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша:
– қыркүйекте позициялардың 34%-ында баға орта есеппен 7,8%-ға төмендеген;
– қазанда 50%-ында орта есеппен 11,1%-ға арзандау тіркелген.
Комитет бағаға бақылау жалғасатынын атап өтті.
«Белгіленген шекті бағаларды асыра сату фактілері анықталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 426-бабына сәйкес жауапкершілік көзделген», – деп ескертті ведомство.
Заңбұзушылықтар туралы DariKZ мобильді қосымшасы немесе өңірлік департаменттер арқылы хабарлауға болады.


