Жалған қоңырау енді заңсыз трафик деп есептеледі

Фото: ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде жарияланған жалған ақпарат пен байланыс операторлары ұсынатын күмәнді қызмет, конкурс, сондай-ақ телефон алаяқтық көбейгендіктен мемлекет бақылауды күшейтті. Телефонмен алдау, нөмірді ауыстыру, биллингті айналып өту енді заңсыз трафик беру деп есептеледі, деп хабарлайды nofake.kz/.
Вице-премьер — Жасанды интеллект және цифрлық даму жөніндегі министр Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында ұялы байланыс операторлары арасында алаяқтықпен күресу мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
«Министрлік байланыс операторларына жаңа талаптар қойды. Атап айтқанда, абоненттерді биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу және фродты (алаяқтықты) рұқсат етілмеген трафикпен теңестіру көзделген», – деді Жаслан Мәдиев.
Бұған дейін алаяқтық қоңыраулар, нөмір ауыстыру және операторларды айналып өтетін схемалар ресми түрде «рұқсат етілмеген трафик» деп саналмайтын. Енді кез келген алаяқьтық схема: нөмірді ауыстыру, банк қызметкерлері ретінде қоңырау шалу, биллингті айналып өту және басқа да әдістер ресми түрде телефон трафигін заңсыз беру ретінде танылады. Бұл операторлар мен реттеуші органдарға мұндай қоңырауларды бұғаттауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ байланыс операторларының антифрод жүйелері мен Ұлттық банк арасындағы өзара іс-қимыл реттелді, GSM-шлюздарды (бейресми, айналма байланыс арналары) әкелу және тіркеу ережелері қабылданды, бір абонентке тіркелетін нөмірлердің санына шектеу енгізілді.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде 2024 жылдың басынан 30 миллионнан астам күмәнді қоңырау бұғатталған.


