NoFake

Министрлік 46 жалған диплом анықтады: құжаттың түпнұсқасын қалай танимыз

gluster 2025 12 5 f07493159d34733634e8ebd06f6a3449 1280x720

Фото: Gov.kz

Ғылым және жоғары білім министрлігі 46 жалған диплом және оларды заңсыз дайындаумен айналысқан 20 интернет-ресурсты анықтап, бұл салада бақылау күшейгенін мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.

Бүгінде материалдар Ішкі істер министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданған.

«Құжаттардың заңсыз айналымының алдын алу мақсатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 1991 жылдан бері берілген дипломдардың деректер базасын құрды. Министрлік білім беру туралы құжаттардың өзіндік үлгісінің мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды, сондай-ақ жоғары оқу орындары түлектеріне арналған осындай құжаттардың серияларын бекітті. Дипломдар арнайы модуль арқылы бірегей нөмірлер мен QR-кодтар беру жолымен қалыптастырылады. Жүйеге қол жеткізу құқығы осы модульде тіркелген, ресми түрде жауапты университет қызметкерлеріне ғана беріледі», — делінген хабарламада.

Дипломдарды генерациялау «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» (ЖББП) ақпараттық жүйесіндегі білім алушылар туралы деректер негізінде жүзеге асырылады. Егер білім алушы туралы ақпарат ЖББП-да болмаса, диплом нөмірін қалыптастыру мүмкін емес.

«Өзіндік үлгідегі білім туралы құжаттарда генерацияланған бірегей нөмір мен QR-код болмаған жағдайда мұндай құжаттар жарамсыз деп танылады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және ҚР Ішкі істер министрлігі жалған дипломдарды дайындау және сату фактілерін тұрақты түрде бақылап, тоқтатып отырады. ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес жалған құжаттарды жасау немесе қолдану айыппұл салуға, түзеу жұмыстарына немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыруға әкеп соғады», — деп ресми ескерту жасады министрлік.

Сонымен қатар, жоғары оқу орындары деректерді цифрландыру жұмысын жалғастырады, ал жұмыс берушілер дипломның түпнұсқасын https://epvo.kz сервисі арқылы тексере алады. Дипломның электрондық нұсқасы Электрондық үкіметтің («Цифрлық құжаттар») мобильді қосымшасында да қолжетімді. Жалған дипломдарды жасау немесе пайдалану заңмен қатаң жазаланатынын ескертеміз.

Оқу үшін