NoFake

Министр Балаева рұқсатсыз фото-видеоға шектеу қою бастамасын түсіндірді

800x450.orig (1)

Фото: Primeminister.kz

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда адамның келісімінсіз оның фотосын жариялауға тыйым салу туралы бастаманы түсіндірді, деп хабарлайды nofake.kz/.

Министрдің айтуынша, шектеу қою туралы бастаманың бір себебі — адамдардың рұқсатынсыз түсірілетін пранктер мен жасырын контенттің көбеюі.

«Адамдарды кез келген жерде рұқсатсыз түсіре беру тәжірибесін реттегіміз келеді. Қызметін атқарып жүрген лауазымды тұлғаларға қатысты бұл қалыпты жағдай, бірақ пранктер, жасырын түсірілімдер және адамдардың келісімінсіз жасалатын басқа да контент бар. Осы норманы бірге талқылаймыз. Жұмыс тобы құрылып жатыр, қаласаңыздар, сіздерді де оған қоса аламыз», – деді Балаева Сенат кулуарында журналистерге.

Тыйым қай кезде салынады

Қазақстанда қоғамдық орындарда фото және видео түсіруге жалпы тыйым салынбайды. Алайда түсірілген материалды жариялау кезінде адамның бейнесін пайдалану тәртібі бөлек қарастырылады. Заңға сәйкес, азаматтың жеке бейнесін интернетке немесе басқа да платформаларға жүктеу үшін оның келісімі қажет. Бұл талап қызметтік міндетін атқарып жүрген тұлғаларға немесе көпшілік іс-шаралардағы қатысушыларға қатысты әртүрлі қолданылуы мүмкін.

Бұдан бөлек, кейбір нысандарда түсірілімге қатысты арнайы режим бар. Мысалы, стратегиялық объектілерде немесе сот ғимараттарында түсіруге әкімшілік бекіткен жеке ережелер қолданылады. Ал кәмелетке толмағандардың фотосын ата-анасының рұқсатынсыз жариялау заңмен тыйым салынған.

Конституцияның 20-бабы азаматтарға ақпаратты еркін алу және тарату құқығын береді. Бірақ бұл құқық басқа адамның жеке өміріне нұқсан келтірмеуі тиіс. Сол себепті адамның келісімінсіз оның бейнесін пайдалану, әсіресе интернетте жариялау, жеке құқықтардың бұзылуына әкелуі мүмкін.

Оқу үшін