Министр Әлназарова көкжөтелге қарсы вакцинаға қатысты мәлімдеме жасады

Фото: Парламент сенатының баспасөз қызметі
Денсаулық сақтау министрі әлеуметтік желілерде көкжөтелге қарсы вакциналар туралы тараған резонансты ақпаратқа байланысты өз ұстанымын жариялады. Министрдің айтуынша, Қазақстандағы вакцина саясаты ғылыми зерттеулерге сүйенетін, халықаралық стандарттарға сәйкес, заңмен қатаң реттелетін үдеріс, деп хабарлайды nofake.kz/.
Министр 2013 жылдан бері елде көкжөтелге қарсы жасушасыз вакцина қолданып келе жатқанын, бұл шешім кездейсоқ емес, халықаралық деңгейде тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген стандарттарға негізделгенін атап өтті.
«2013 жылдан бері елімізде көкжөтелге қарсы жасушасыз вакцина қолданылып келеді. Бұл кездейсоқтық емес және жеке біреудің таңдауы да емес, бұл препараттың қауіпсіздігіне қойылатын жоғары талаптарға негізделген, ғылыми зерттеулермен дәлелденген халықаралық деңгейде мойындалған, қауіпсіз әрі тиімді стандарт. Жасушасыз вакциналар әлемнің 30-дан астам дамыған елінде — бүкіл Еуропада дерлік, — Австрия, Дания, Германия, Италия және басқа да мемлекеттерде, сондай-ақ АҚШ, Канада, Жапония , Оңтүстік Кореяда. Бүгінгі таңда Қазақстанда жасушасыз вакциналармен 7 жасқа дейінгі балаларға 21 миллионнан астам егу жасалды, бұл препараттармен қатысты бірде-бір ауыр реакция тіркелген жоқ», — деді Әлназарова.
Министрлік жалған ақпарат таратқан «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директорына сотқа дейінгі талап жолдаған.
«Министрлік әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқан «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Д.Н. Смағұловқа сотқа дейінгі талап жолдап, әлеуметтік желідегі жарияланған жалған ақпаратты теріске шығаруды талап етті. Бұл жарияланымды мен тек Министрліктің іскерлік беделіне нұқсан келтіру ғана емес, сонымен қатар елдің денсаулық сақтау жүйесіне және вакцинация идеологиясына деген азаматтардың сеніміне нұқсан келтіру деп қабылдаймын. Белгіленген мерзімде ресми түрде теріске шығаружарияланбаған жағдайда, Министрлік сотқа жүгінуге құқылы. Біздің басымдық — азаматтардың денсаулығы, ашық әрі адал жұмыс.
Біз әрдайым дәлелді медицинаға және халықаралық стандарттарға сүйенеміз.
Бұл мәселеде біз ешқандай манипуляцияға немесе фактілерді бұрмалауға жол бермейміз», — деді Денсаулық сақтау министрі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұған дейін не болды
Қоғам белсендісі Дидар Смағұлов бұған дейін «СК-Фармация» вакцина сатып алу кезінде мемлекет қаржысын тиімсіз жұмсаған болуы мүмкін деп мәлімдеген. Оның айтуынша, белгілі жылдары көкжөтелге қарсы вакциналардың бағасы негізсіз өсіп, бұл бюджетке миллиардтаған теңге шығын әкелген. Смағұловтың есептеуінше, дұрыс баға саясатымен мемлекет шамамен 10 млрд теңгеден астам қаржыны үнемдей алар еді. Белсенді бұл мәселеге қатысты нақты деректерді жариялап, жауапты органдарды тексеріс жүргізуге шақырған. Осы мәлімдеме әлеуметтік желіде кең тарап, резонанс тудырған болатын.


