Мұғалімдерге сыйақы қандай жағдайда беріледі: министрлік жауабы

Фото: Gov.kz
Ұстаздар арасында мейрам қарсаңында сыйақы беру мәселесі жиі талқыланады. Министрлік мұғалімдерге қандай жағдайда сыйақы берілетінін түсіндірді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Мұғалімдер арасында жиі талқыланатын сұрақтардың бірі — мереке қарсаңында ақшалай сыйақы алу. Көпшілік мұндай сыйақыны ешқашан алмағанын жиі жазады.

Осы орайда, оқу-ағарту министрлігі орта білім беру комитетінің төрағасы Жұмашев Қаныбек жауап берді.
«Мемлекеттік мейрам қарсаңында төленетін сыйақы әлбетте әр білім беру ұйымының, мектептің жылдық бюджетіндегі үнемделген қаржы есебінен беріледі. Қазір, әсіресе басқару формасы өзгерген, шаруашылық құқыққа ие болған мектептерде бұл жағынан жақсы үрдістер бар. Яғни, әр мемлекеттік мейрам қарсаңында педагогтарға белгілі бір мөлшерде сыйақы төленіп отырады. Тағы да қайталап айтайын, бұл тек қана мектептің ішкі бюджетінің үнемделген қаржы есебінен төленеді», — деп түсіндірді вице-министр.
Сонымен бірге ол: «Мектеп директоры немесе экономист есебінен қаржы үнемделмесе оларға қатысты қандай да бір шара қабылдана ма?» деген сауалға жауап берді.
«Нақты осы мақсатта тексеріс жүргізіп, белгілі бір шара қабылдау мақсаты қарастырылмаған. Білім беру жүйесінде тік, вертикальды басқару жүйесі орныққан. Мысалы білім басқармалары, аудандық білім бөлімдері, сосын ауылдық мектептер. Әр аудандық білім бөлімінің қаржысы бөлек жасақталады. Сондықтан бұл жерде жылдық қорытынды жасалып, жаңа жылға бюджет қабылданып отырады. Сондықтан ол тікелей ауданның немесе сол қаланың қаржылық түсімдеріне байланысты болады. Яғни, сыйақы мәселесі қай ауданда қаржы табу мәселесі көп болса, ол мектептерге тең бөлініп беріліп отырса, сол мектептерде сыйақы алу ықтималдылығы жоғары болады, яғни бәрі тікелей қаржыға байланысты», — деді ол.
Еске сала кетейік, күні кеше Маңғыстау облысында бір топ мұғалім сыйақысыз қалатынын айтып, шағымданған болатын. Облыстық білім басқармасы аталған жайтқа қатысты түсініктеме беріп, биыл облыстық бюджетте оған ақша қарастырылмағанын, мұғалімдермен түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін мәлімдеді.


