«Мұғалімдерге мәжбүрлеп лүпіл бастырады» — Нәлібаев жауап берді

Фото: freepik.com
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев желіде өз қызметіне мектеп мұғалімдерін мәжбүрлеп лүпіл бастырады деген ақпарат туралы пікір білдірді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Облыс әкімінің айтуынша ондай тапсырма болмаған. Егер ондай жағдай болса, ақпаратты тексеріп, жауап беретінін жеткізді.
«Ондай тапсырма болған жоқ, болған да емес. Нақты ақпарат болса бізге жолдаңыз. Мен оны тексеріп, сізге өзім жазбаша да, ауызша да хабарласып баяндаймын. Қажет болса, құқық қорғау органдарына да тапсырамыз. Ондай тапсырма болған емес, ол қайдан шығып жүрген әңгіме екенін мен білмеймін. Біз біреуді мәжбүрлеп, бізге жақсы пікір жазып, лүпіл басыңыздар деп айтатындай, оған зәру емеспіз. Оны ел, халық біледі. Біз өз жұмысымызды істейміз. Тапсырманы орындаймыз. Қалғанын халық өзі айта берер», — деді әкім.
Сонымен бірге әкім брифинг барысында желіде көп ақпарат жарияланатынын, оның барлығын есіне сақтамайтынын атап өтті. Естеріңізге салсақ, бүгін Нұрлыбек Нәлібаев брифинг барысында Шалқия кентіндегі ешкім тұрмайтын үйлерге газ тарту себебін де түсірген болатын.


