NoFake

Мұғалімдер ашық сабақ өткізіп, фото-видео есебін өткізуге міндетті ме — Министрлік түсіндірді

H5e4T2Vy9Phm4NG6rI5JZoS1Cf11nUCHTr9RwyOC.jpg width=1200Xheight=autoXtype=1

Фото: Gov.kz

Желідегі Instagram парақшалардың бірінде «Ұстаздар ашық сабақ өткізуге міндетті емес» деген ақпарат тарады. Бұл ақпарат қаншалықты рас? Жалпы мұғалімдер қандай жағдайда ашық сабақ өткізуі тиіс және сабақ туралы фото-видео есеп беруге міндетті ме? nofake.kz/  аталған сұраққа жауап іздеп көрді. 

Отандық пабликтердің бірінде жарияланған постта: «Педагог оқыту сапасын бағалау үшін арнайы ашық сабақ өткізуге міндетті емес» деп жазылған. Аталған постты көпшілік қызу талқыға салған. Әсіресе, жазба астында ұстаздардың «Қазіргі ашық сабақтың шоуға айналды, басшылық талабымен оны өткізуден бас тарта алмаймыз» деген пікірлерін жиі кездестіруге болады. 

Комментарий

Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін, оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу орталығына хабарластық. Ведомство өкілдері «Педагог мәртебесі туралы» Заңның 15-бабына сәйкес, педагог өзінің кәсіби шеберлігін, зерттеушілік, зияткерлік және шығармашылық деңгейін үнемі жетілдіріп отыруға міндетті екенін атап өтті. 

«Яғни, ашық сабақтар көп жағдайда кәсіби даму мен тәжірибе алмасудың құралы ретінде қарастырылады. Дегенмен, Заңның 6-бабында педагогті өзінің кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тартуға тыйым салынған. Егер ашық сабақтар оқу жоспарынан тыс, негізсіз жиі талап етілсе — бұл норманы бұзу болып саналады», — деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу орталығының мамандары ҚР Оқу-ағарту министрінің №338 бұйрығында педагогтердің лауазымдық міндеттері нақтыланғанын жеткізді. 

Құзырлы мекеме мұғалімдер қандай жағдайда ашық сабақ өткізуге міндетті екенін де тізіп берді: 

Біріншіден. Педагог өз іс-тәжірибесін қорыту, жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу және әріптестерімен бөлісу мақсатында әдістемелік бірлестік жоспарына сәйкес ашық сабақтар береді.

Екіншіден. Егер мұғалім «педагог-зерттеуші» немесе «педагог-шебер» деңгейінде болса, ол өзінің шеберлігін дәлелдеу үшін семинарлар мен ашық сабақтар өткізуі тиіс. Бұл оның лауазымдық сипаттамасына (функционалдық міндетіне) тікелей кіреді.

Үшіншіден. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің №83 бұйрығына сәйкес ашық сабақтар аттестаттау кезінде (санатты көтеру немесе растау) педагогтің кәсіби құзыреттілігін бағалаудың ажырамас бөлігі болып табылады.  Басқа уақытта сабақтардың кестесі мен жиілігі мектептің ішкі әдістемелік кеңесінде мақұлданып, бекітілген жоспар бойынша жүруі тиіс.

Фото, видео есеп жасау кімнің міндеті?

Сонымен бірге орталық ұстаздар ашық сабақтан кейін «Фото-видео жасап, есеп беруі тиіс пе?» деген сауалға да жауап берді. 

«Педагог мәртебесі туралы» Заңның 16-бабына сәйкес, педагогтен өзінің кәсіби міндеттеріне жатпайтын есептер мен мәліметтерді талап етуге тыйым салынады. Сондықтан, мұғалімнен арнайы монтаждалған бейнеролик немесе фото-альбом талап ету заңсыз болып табылады. Егер ашық сабақ мектептің имидждік жұмысы (сайт немесе әлеуметтік желілер) үшін түсірілуі қажет болса, бұл жұмысты ұйымдастыру — мектеп әкімшілігінің міндетіне жатады», — деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Айта кетейік, бұған дейін оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова музыка пәні мұғалімдерінің жаппай жұмыстан кетіп жатқаны туралы ақпаратқа түсініктеме берген еді.  

Оқу үшін