NoFake

Мемқызметте жүкті әйелдер мен күтім жасайтындарға жұмыс уақыты жеңілдетіледі

Фото: 1prof.by

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілер үшін жұмыс уақытының жаңа тәртібі енгізілмек. Өзгерістер жүкті әйелдер мен науқас туысына күтім жасайтын қызметкерлерге қатысты болады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Қазақстанда мемлекеттік қызмет саласында еңбек жағдайларын жетілдіруге бағытталған жаңа нормалар қарастырылып жатыр. Жаңа редакцияға сәйкес, жұмыс уақытының режимі нақты реттеліп, қызметшілердің құқықтары кеңейтіледі.

Күнделікті жұмыс ұзақтығы 8 сағатқа дейін белгіленеді, ал апталық жүктеме 40 сағаттан аспауы тиіс. Сонымен қатар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар мемлекеттік қызметшілер үшін қысқартылған жұмыс уақыты – аптасына 36 сағаттан аспайтын режим қарастырылған.

«Жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналардың біріне, сондай-ақ науқас отбасы мүшесіне күтім жасайтын қызметшілерге толық емес жұмыс уақыты қарастырылады»,-делінген Мәжілістің ресми хабарламасында.

Бұл норма аталған санаттағы қызметкерлерге еңбек пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, құжатта мансаптық өсудің жаңа тәсілі – көлденең ілгерілеу тетігі енгізілмек. Енді «Б» корпусы шеңберінде бір лауазым ішінде бірнеше деңгей белгіленіп, әр деңгейге сәйкес жалақы мөлшері анықталады.

Пилоттық жоба екі жылға жоспарланған. Ол Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Әділет және Ұлттық экономика министрліктерінде, сондай-ақ Астана қаласы мен Атырау облысының әкімдіктерінде іске асырылады.

Оқу үшін