Мемлекеттен тегін алған жерді сатуға бола ма: комитет жауабы

Фото: Freepik.com
Әлеуметтік желіде блогердің мемлекеттен тегін алған жерді сатқаны туралы видеосы тарады. Nofake.kz мұндай жер телімін сатуға бола ма деген мәселені зерттеп көрді.
Аталға мәселеге қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер комитетіне сауал жолдаған едік. Ведомство өкілдері осы тақырыпқа кеңінен жауап берді.
«Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 50-бабының 2-тармағына сәйкес, жер учаскелері жеке тұрғын үй құрылысы үшін жеке меншікке 0,10 гектар мөлшерінде тегін беріледі. Аталған екі мақсат үшін жер учаскесін қайтадан тегін беру осы Кодекстің 94-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларды есептемегенде, жол берілмейді», — делінген хабарламада.
Сонымен бірге ведомство өкілдері жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін жеке меншікке тегін беру оларды игергеннен кейін ғана мүмкін екенін атап өтті.
«Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру су және электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етілген алаңдарда ғана жүзеге асырылады», — деді мамандар.
Комитет өкілдері жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін сұраған азаматтардың өтініштері арнайы есепке алынып, жер бөлуге арналған алаңдар дайын болған кезде немесе жеке тұрғын үй құрылысына пайдаланылатын бос аумақтар болған жағдайда кезек тәртібімен қаралатынын жеткізді.
«Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін тегін беру кезінде азаматтың бұрын мемлекеттен осы мақсатта берілген жер учаскелерінің бар-жоғы ескеріледі. Арнайы есепке қою кезінде азаматтың мемлекеттен жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскелері туралы мәліметтері Мемлекеттік корпорациядан сұратылады және олардың бар-жоғы ескеріледі», — деді мамандар.
Одан бөлек, республикалық маңызы бар қалалардың, Астананың, аудан, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, сондай-ақ кенттер, ауылдар, ауылдық округтердің әкімдері жер бөлуге арналған алаңдардың дайындалуы және жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алу кезектілігі туралы ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз етуге міндетті екені белгілі болды.
«Бұл ақпарат арнайы ақпараттық стендтерде орналастырылып және БАҚ-та қазақ және орыс тілдерінде тоқсанына кемінде бір рет жарияланып отыруы тиіс. Азаматтардың өтініштерін арнайы есепке қоймай, Қазақстан Республикасы азаматтарына жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беруге тыйым салынады», — деді ведомство өкілдері.
Кезекке қою рәсімі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйрығымен бекітілген «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету қағидаларына» сәйкес мемлекеттік қызмет болып саналады. Бұл қызметті «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық форматта 20 минут ішінде алуға болады.
«Мемлекеттік қызмет көрсетілген жағдайда, өтінішті арнайы есепке қою туралы хабарлама келеді немесе дәлелді себептермен қызмет не себепті көрсетілмейтіні туралы хабарланады. Кодекстің 25-бабына сәйкес, жер учаскесінің меншік иесі, егер осы Кодексте және ҚР өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, мемлекеттік органдардан қандай да бір рұқсат алмай-ақ, жер учаскесіне қатысты иелену, пайдалану және оған билік ету құқықтарын өз қалауы бойынша жүзеге асыра алады», — деді мамандар.
Яғни, көргеніміздей ҚР азаматы мемлекеттен тегін алған жерді сата алатыны анықталды.
«Қысқаша айтқанда мемлекеттен тегін алынған жерде барлық инфрақұрылым болуы керек және азамат оны жалға алмай, сатып алып, өз атына аударған жағдайда ғана жерді өзге адамға қайта сатуға болады. Яғни, меншік иесі жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертпей, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған кез келген мәмілелерді жасауға құқылы», — деп түсіндірді мамандар.
Айта кетейік, бұған дейін ауыл шаруашылығы министрлігі етті картоп вагондарымен тасымалдаған деген ақпаратты жоққа шығарған еді.


