Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттары сайлауында дауыс берді

Фото: Aqorda
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесіне барып, Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берді.
Содан кейін Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді
«Шын мәнінде, бүгін – еліміз үшін тарихи күн. Тұңғыш рет бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізіп отырмыз. Бұл – маңызды тарихи оқиға. Біз біртұтас ел болып, ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Мұны бәріңіз білесіздер, куә болып отырсыздар. Ойдағыдай нәтижелерге қол жеткіздік. Дегенмен алдымызда тұрған жұмыс ауқымды, мақсатымыз маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі сайлау – осы жұмыстың бастауы ғана», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев
Еске салайық, 23 тамызда Қазақстанда бір палаталы Парламент — Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Бұл — 1991 жылдан бергі оныншы парламенттік сайлау және жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы сайлау. Конституциялық өзгерістерден кейін Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, олардың орнына жаңа заң шығарушы орган — Құрылтай құрылатын болды.
Құрылтай құрамына бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат кіреді. Депутаттық мандаттарға жеті партия — «Әділет», «Ауыл», «Ақ жол», ЖСДП, «Байтақ», ҚХП және Respublica таласып жатыр. Бюллетеньде «Барлығына қарсымын» нұсқасы да бар.
Уақыт айырмашылығына байланысты дауыс беруді шетелдегі қазақстандықтар алғашқылардың бірі болып бастады. Ел аумағында 10 423 сайлау учаскесі жұмыс істейді, сайлаушылар тізіміне 12,6 миллионнан астам азамат енгізілген. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.


