Мемлекеттік грантпен оқығандардың барлығы мамандық бойынша жұмыс істей ме — Министрлік жауап берді

Фото: Egov.kz
Мәжілістің жалпы отырысында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мемлекеттік грант негізінде білім алған түлектердің 70 пайызының жұмысқа орналасқанын мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Мәжіліс депутаты Вера Ким соңғы үш жылда мемлекеттік грантты өтеу міндеттемелерінің нақты орындалу пайызын сұрап, мамандығы бойынша жұмыс істемей басқа салаға кеткен түлектер бұл көрсеткішке енгізілмейтінін атап өтті. Сонымен бірге, міндеттемеден бас тартқан түлектердің саны, Қаржы орталығының бақылауды күшейту және қаражатты қайтару бойынша қабылдап жатқан шаралары, сондай-ақ кадр тапшылығын азайту және жастарды ауылға тарту мақсатымен үйлестіру жолдары туралы сауал қойды.
Вице-министр Гүлзат Көбенованың айтуынша, түлектердің басым бөлігі еңбек етіп жүр.
«Бүгінгі таңда мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған түлектердің 70 пайызы бөлініп, жұмысқа орналасып, еңбек етіп жүр. Қалған 30 пайызы заңнамада көзделген объективті себептер бойынша (магистратурада оқу, бала күтімі бойынша демалыс және басқа жағдайлар) міндеттемеден босатылған», — деді вице-министр.
Ол сондай-ақ жұмысқа орналасқан түлектердің ішінде 80 пайызы дәл мамандығы бойынша жұмыс істейтінін, статистикалық деректер бұл мәліметті растайтынын атап өтті.
«Қалған 20 пайызы бойынша Қаржы орталығы қажетті жұмыстар жүргізуде: талап-шағым жұмыстары, сотқа арыз беру немесе сотта істерді қарау. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет екені анық. Қаржы орталығы ақпараттық жүйелерді интеграциялау және процестерді автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінде Қаржы орталығының дерекқоры Еңбек министрлігімен және жұмыспен қамту орталықтарымен біріктірілген — осы арқылы жұмысқа орналасу деңгейі мен мамандық бойынша жұмыс істеп жатқан-жатпағаны көрінеді. Сондай-ақ сот базаларымен де интеграция жасалды», — деді вице-министр.


