Мектеп формасын сатып алғанда неге назар аудару керек — Министрлік кеңес берді

Фото: depositphotos
Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар мектеп формасын таңдай бастады. Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қандай талаптарға назар аудару керегін түсіндірді.
Комитет мәліметінше, ең алдымен киімнің таңбалануын тексеру қажет. Онда өнімнің шығарылған елі, өндіруші немесе сатушы туралы мәлімет, бұйымның атауы мен мақсаты, шығарылған күні, ЕАЭО нарығындағы бірыңғай айналым белгісі, материалдың құрамы, өлшемі және күтім жасау жөніндегі ұсынымдар көрсетілуі тиіс.
«Егер таңбалануы жоқ, оқылмайтын немесе ақпарат толық көрсетілмеген болса, басқа тауарды таңдаған дұрыс», — деп ескертті Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.
Мамандар мектеп формасы тігілген матаның гигроскопиялық және ауа өткізгіштік қасиеттері маңызды екенін атап өтті. Қазақстанда мектеп формасына қойылатын талаптарда тозуға төзімділігі жоғары жартылай жүн және мақта маталарына, сондай-ақ бактерияға қарсы, микробқа қарсы және антистатикалық қасиеттері бар материалдарға басымдық беру ұсынылады.
Сондай-ақ киімнен өткір химиялық иіс шықпауы, теріде немесе басқа киімде бояу іздерін қалдырмауы, денені қажамауы және қолайсыздық тудырмауы керек. Тігістер, ілгектер, түймелер мен басқа да элементтер сенімді әрі қауіпсіз болуы тиіс.
«Қауіпсіз мектеп формасы — бұл таңбалануы түсінікті, мата құрамы тиісті талаптарға сай, сапалы тігілген және балаға ыңғайлы киім», — делінген комитет ақпаратында.
Комитет ата-аналарға мектеп формасын жұмыс істеп тұрған сауда желілерінен сатып алуды және сатушыдан өнімнің белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды сұрауды ұсынады.


