Медициналық скринингтен өтетін қызметкер 3 күн демалыс алуға құқылы

Фото: Freepik.com
Медициналық скринингтен өтетін азаматтар жұмыстан 3 күнге демалыс алуға құқылы. Еңбек кодексінің 87-бабында осындай тармақ бар. nofake.kz/ мән-жайды түсіндіреді.
2020 жылы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы« кодекске скринингтік зерттеулер деген ұғым енгізілген. Мақсат — клиникалық қауіпті аурулардың алдын алу және дер кезінде анықтау. Міндетті медициналық скринингтік зерттеуден 30 бен 76 жас аралығындағы азаматтар 2 жылда бір рет өтуі тиіс. Бірақ шын мәнінде бұл міндетті орындап жатқандардың саны аз. Өйткені жұрттың дені — бейхабар. Заңға сәйкес осындай мүмкіндіктің барын жұмыс беруші де әдетте ескертпей жатады. Сонымен, мүмкіндікті қалай пайдалануға болады? Оны қалай және нақты кімдер пайдалана алады?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің еңбек инспекторы Шолпан Молдабекованың айтуынша, бұл әлеуметтік санаттағы демалыстың бір түрі.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес азаматтар медициналық профилактикалық скринингтік зерттеулерден өтуге міндетті. Сондықтан жұмыс берушілер де тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде немесе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде осы скринингтік зерттеуге жататын адамдарға скринингтік зерттеулерден өту үшін жағдай жасап, сондай жұмыскерлерді жұмыс уақыты кезеңінде, жұмыс орнымен және орташа жалақысын сақтай отырып, скринингтен өту үшін жұмыстан босатуға тиіс», – дейді маман.
Қол астындағы қызметкерді медскринингтен өтуі үшін жұмыстан 3 күнге босату қажеттігі Еңбек кодексінің 23-бабындағы 2-тармақтың 26-бөлімінде жұмыс берушінің міндеті ретінде де көрсетілген.
Ескеретін жағдай, еңбек инспекторының түсіндірмесіне сәйкес, медскринингтен өтуге 3 күнге демалыс алуған жұмысшының орташа жалақысы сақталуы тиіс. Әрі 3 күндік әлеуметтік демалысты жұмысшы бір жолы немесе бөліп алуға да құқығы бар. Бұл жағын жұмыс беруші мен жұмыскер өзара келісім негізінде реттеп алуына болады.
«Аталған әлеуметтік демалыс жұмыс берушінің міндеті болып табылады. Сәйкесінше, бұл – заңмен бекітілген жауапкершілік. Атап айтсақ, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 88-бабына сәйкес, жұмыс беруші жұмыскерге скринингтен өтуге демалыс бермесе, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл жерде тағы айта кету керек. Бізден көп сұрап жатады. Бізде еңбек қатынастарында тұратын және азаматтық-құқықтық шарт аясында жұмыс істейтін азаматтар бар. Бұл скринингтік демалысты беру міндеті тек қана еңбек қатынастарында тұрған жұмыс беруші мен жұмыскерге ғана қолданылады», – дейді Шолпан Молдабекова.
Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарды жыл сайынғы жоспарлы скринингтен өтуге шақырып отырады. Ресми сайттарында:
Скрининг – бұл тәуекел факторлары мен ауруларды ерте сатыларда анықтау үшін белгілі бір жастағы сау адамдарға жүргізілетін профилактикалық медициналық тексеру. Скринингтік тексерулер ауруды ерте кезеңде немесе оған бейімділікті анықтауға, оңтайлы емдеуді таңдауға және профилактикалық шаралар кешенін тағайындауға көмектеседі. Скринингтік зерттеулер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде жүргізіледі.
Әрі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы« кодекстің 80-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары профилактикалық медициналық қарап-тексеруден және скринингтік зерттеулерден өтуге міндетті.
2025 жылдан бастап МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, скринингтен кімдер және олар қашан өте алады?
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты:
- Жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары: артериялық гипертония және жүректің ишемиялық ауруы – 40 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;
- Эндокриндік аурулар: қант диабеті – 40 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;
- Көру ағзаларының аурулары: глаукома – 40 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;
- Онкологиялық аурулар: Жатыр мойны обыры – 30 пен 74 жас аралығындағы әйелдер; Сүт безі обыры – 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдер; Колоректалдық обыр – 50 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;
- Вирустық инфекциялар (В және С гепатиті): Медицина қызметкерлері; Жоспарлы және шұғыл операцияларға түсетін пациенттер; Гемодиализ, гематология, онкология, транспланттау, жүрек-қан тамырлары және өкпе хирургиясы орталықтары мен бөлімшелерінің пациенттері; Ағзаларды, тіндерді, жасушаларды гемотрансфузия және транспланттау жүргізілетін адамдар; Жүкті әйелдер;
- Цереброваскулярлық бұзылулар (инсульттің алдын алу) – 50 жастан 76 жасқа дейінгі ер адамдар.
Биылдан бастап инсульттің ерте белгілеріне скринингтен өтуге болады. Үш күндік әлеуметтік демалысты скринингке ғана емес, жүктіліктің алғашқы 10 аптасына дейін ерте тіркелуге де қолдануға болады. Бұл ретте скрининг тексерулеріне медициналық сақтандыру қажет емес. Әсіресе қатерлі ісіктерге байланысты зерттеулер тегін жүргізіледі. Тіпті ауруы анықталған науқастарға емханада «жасыл дәліз» қарастырылған. Егер жұмыс беруші әлеуметтік демалыс беруден бас тартса, қызметкер тұрғылықты жері бойынша Еңбек инспекциясына шағымдана алады.


