Медициналық кітапшаларды бақылау толық цифрлық форматқа өтті

Фото: egov.kz
Қазақстанда қызметкерлердің жеке медициналық кітапшаларын бақылау жүйесі цифрлық форматқа ауыстырылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Министрдің айтуынша, бүгінде бақылау e-SEN платформасында іске қосылған «Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау» сервисі арқылы жүзеге асады.
«Жүйе медициналық кітапшалардың жарамдылық мерзімін автоматты түрде қадағалап, жұмысқа рұқсат мерзімі өтіп кеткен жағдайда жұмыс берушіге хабарлайды. Бұл медициналық тексеруден өтпеген қызметкерлерді уақтылы жұмыстан шеттетуге мүмкіндік береді», — деді Ақмарал Әлназарова.
Сондай-ақ ол бұл тәсіл санитариялық-эпидемиологиялық тәуекелдерді қағаз құжат айналымынсыз және көшпелі тексерулерсіз төмендетуге бағытталғанын атап өтті.
«Цифрлық бақылау мемлекеттік органдар мен бизнесті бір цифрлық контурда біріктіретін Бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау жүйесінің бір бөлігіне айналды. Деректер нақты уақыт режимінде алмасып, қағазбастылық толықтай жойылады», — деді министр.
Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі таңда жүйеде 178 146 бақылаудағы объект, 95 мыңнан астам кәсіпкерлік субъекті және 104 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген.


