Махаббатқа мұқтаж адам оңай алданады — психолог пікірі

Коллаж: NoFake
Альфонс-алаяқтардың құрбаны кім, оларға оңай алданатын адамның психологиялық портреті қандай? nofake.kz/ қазақстандық психологтардың пікірін білді.
Бұған дейін маман альфонс-алаяқтардың портретін суреттеген еді.
Орталық Азия психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова:
«Қыздар неге альфонстарға сенеді? Өйткені олар кішкентай кезінде ата-ана, үлкен адамдардан жылы сөз естімеген. «Эмоциялық сүтке» тоймаған. Бала секілді «сен көріктісің», «сен сұлусың», «сен сондай жақсысың» деген сөзге еріп, жігіттің жетегінде кетеді. Сөйтіп, ол ер адамға құшағын да ашады, ақшасын да шашады. Альфонс жігіттер көбіне «құрбанның», ал қыздар «құтқарушының» рөлінде болады. Сондықтан «Мына жігіт мені өте жақсы көреді. Мені бұлай ешкім сүймеген. Бірақ қазір ол қиындыққа тап болып, өміріне қара бұлт төніп тұр, мен көмектесіп жіберейін» деп ойлайды».
Мамандардың айтуынша, адам альфонсқа 60-қа келгенше алданады. Психолог, психотерапевт Серікгүл Сали әйелді соқыр сезімге жетелейтін үш белгіні атады:
«Біріншіден, әйел өз табиғатын «беру позициясымен» шатастырады. Біреуге материалдық тұрғыда көмектесу және эмоциялық тұрғыдан бойындағы бар сезім, махаббатты беру арқылы өзін құнды сезінеді. Мұны альфонстар жақсы сезеді.
Екіншіден, «жақсы қыздың» рөліне еніп өмір сүреді. Оларға мұндай сценарий өте маңызды. Өзге адамдардан «сен көмектестің», «сен сондай жақсысың» деген сөзді есту үшін, сондай сезімге ие болу үшін олар қарым-қатынаста кез келген жағдайға дайын болады.
Үшінші — тәжірибенің жоқтығы. Өмірде қарым-қатынас құрып көрмеген әйел ер адамның түпкі мақсатын, шын қалауын түсінбейді. Сөйтіп, тәжірибесіздіктен сондай жігіттерге тап болады. Жігіттер імұндай қыздарды алыстан таниды. Сезеді».
Ал, сот психологы Арайлым Мұраттың айтуынша, алаяқтарға жиі алданатын адамдардың мынадай ортақ психологиялық ерекшеліктері бар:
«Жетімсіреу – жақынынан жылу көрмей өскендер махаббат үшін бәріне көнеді. Өзін-өзі төмен бағалайды, өзіне сенімсіз адам сырттан махаббат іздейді. Махаббатқа мұқтаж жан жалғыздықты көтере алмайды. Үмітпен өмір сүру – «ол өзгереді» деген оймен күн кешеді. Идеализациялау – адамның шынайы болмысын байқамайды, серігінің бойынан өз қиялындағы бейнені көреді».
Үш психологтың пікірінен түсінгеніміз — алдауға да, алдануға да икемді адамның бойында психологиялық жарақат бар. Бірақ бұл — айықпайтын ауру емес. Өзгеруге, өзгеруге болады.


