Майорлар ішімдік ішкен видеоға қатысты министрлік түсінік берді

Скрин видеоодан
Әлеуметтік желіде әскери қызметшілердің спирттік ішімдік ішіп отырған видеосына қатысты Қорғаныс министрлігі түсінік берді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Жазбаны Threads қолданушыларының бірі жариялап, «Осындай қызметкерлер адамдардың тағдырын шешеді» деп пікір қалдырған. Кадрларда олар өздерін таныстырып, біріне погон тағылады, содан кейін «түбіне дейін» деген тосттармен отырыс басталады.
«Құрметті офицерлер, кезекті әскери шеннің берілуіне байланысты өзімді таныстыруға рұқсат етіңіздер. Майор Асанова», – дейді видеодағы қатысушылардың бірі.
Министрлік не дейді
Алайда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі бұл видеоның қазіргі жағдайға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
«Ақпараттық кеңістікте әскери қызметшілердің қатысуымен түсірілген бейнематериалдың таралуына байланысты, аталған оқиға 2018 жылы орын алғанын хабарлаймыз. Осы факті бойынша белгіленген тәртіппен тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған», – делінген министрлік хабарламасында
Ведомство өкілдері мұндай әрекеттердің әскери қызмет талаптарына қайшы екенін атап өтті. Олардың айтуынша, әскер саласында мұндай мінез-құлыққа жол берілмейді және ол қызметтік әдеп нормаларына сәйкес келмейді.


