Министрлік Әуезов театрының жөндеу жұмыстары тоқтатылды деген ақпаратты жоққа шығарды

Фото: almaty.tv
Мәдениет және ақпарат министрлігі М. Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары тоқтатылды деген ақпараттардың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Ведомствоның түсіндіруінше, нысандағы қайта жаңғырту жұмыстары тоқтатылған жоқ. Қазіргі уақытта жоба жаңа қаржы жылының басталуын күтіп отыр.
«Нысанды қайта жаңғырту жұмыстары тоқтатылған жоқ. Қазіргі уақытта жоба жаңа қаржы жылының басталуын күтуде, содан кейін белгіленген тәртіпке сәйкес жұмыстарды жалғастыру үшін қажетті қаражат бөлінеді. Нысандағы жөндеу жұмыстары уәкілетті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында. М. Әуезов атындағы театрды қайта жаңғырту оның тарихи және мәдени құндылығын сақтауға қойылатын барлық талаптарды сақтай отырып, толық аяқталатын болады», — деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, театрдың реконструкциясы мен капиталды жөндеу жұмыстары 2024 жылы қолға алынды. Бірнеше күн бұрын бірқатар отандық БАҚ театрдың жөндеу жұмысы қаражаттың жоқтығынан тоқтатылғанын жазған еді.


