Вице-министр шетелдік әншілерге қойылатын жаңа талаптарды түсіндірді

Фото: gov.kz
ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов шетелдік әншілерге қойылатын талаптарды түсіндірді, деп хабарлайды nofake.kz/.
ҚР Парламент Сенатында өткен брифингте ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов шетелден келетін әншілердің әндеріне қойылатын талаптарға тоқталды. Оның айтуынша, әншілер орындайтын композицияларда ұлттық құндылықтарға нұқсан келтірілмеуі, порнографияны үгіттелмеуі, есірткіні пайдалану насихатталмауы тиіс.
«Қазақстан баршаға ашық. Бірақ бұған дейін шетелдік әртістер алдымен алаң тауып, билеттерді сата бастайтын да, келісімшарт кейін жасалатын. Кейде олардың елге келетінін біз әлеуметтік желіден ғана біліп жататынбыз. Бұл дұрыс емес. Енді әртіс Қазақстанға келмей тұрып, алдымен келісімшарт жасасуы керек. Сол келісімшартта оның міндеттері нақты жазылады. Әсіресе орындайтын әндеріне қатысты талаптар болады: композициялар ұлттық құндылықтарға нұқсан келтірмеуі, порнографияны үгіттемеуі және есірткіні насихаттамауы тиіс. Тек содан кейін ғана концерт өткізуге мүмкіндік беріледі», — деп түсіндірді вице-министр.
Айта кетейік, бұған мәдениет және ақпарат вице-министрі жаңа Конституцияға қатысты жалған ақпаратқа сенбеуге шақырып еді.


