Ұлттық банк төрағасы 1,7 млрд теңге сыйақы туралы ақпаратқа жауап берді

Фото: Ұлттық банк баспасөз қызметі
Тимур Сүлейменов БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Ұлттық банк басшылығына «миллиардтық сыйақылар» берілді деген ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды nofake.kz/.
«Әлеуметтік желілерде Ұлттық банк басшылығы 1,7 млрд теңге көлемінде сыйақы алды деген ақпарат тарады. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Бұл сома — жалақы, еңбекке жарамсыздық парақтары, еңбек демалысына төленетін қаражат, оқу және басқа да төлемдер. Яғни бұл — сыйақы емес, еңбекақы қоры», — деді ол.
Сүлейменов аталған сомаға қызметкерлерге төленетін барлық міндетті төлемдер кіретінін, ал желі қолданушылары талқылағандай бір реттік ынталандыру төлемдері болмағанын атап өтті.
Айта кетейік, 2024 жылы Ұлттық банк басшыларының өздеріне 1,7 млрд теңге көлемінде сыйақы жаздырып алғаны туралы ақпарат тарады. Аталған жылы банк 355 млрд теңгеге шығынға ұшыраған.


