Күйдірмейтін ыдыстардан улы газ бөлінеді: Нотр-Дам университетінің профессорымен эксклюзив сұхбат

Фото: magazine.nd.edu
Тағамды күйдірмейді деп жиі қолданатын тефлон жабыны бар ыдыстардың қаншалықты қауіпсіз екеніне жұрт арасында күмән көп. «Жоғары температурада мұндай ыдыстар улы газ бөледі» деген пікір талайдан бері талқыланып келеді. Бұл рас па, әлде кезекті миф қана ма? Осы сұраққа нақты жауап алу үшін nofake.kz/ тілшісі АҚШ-тың Нотр-Дам университетінің ядролық физика, химия және биохимия профессоры Грэм Пизлимен сұхбаттасты.

— Грэм мырза, тефлон жабыны бар ыдыстар қызған кезде улы газ бөледі деген пікір бар. Бұл расында соншалық қауіпті ме, әлде бұрмаланған миф қана ма?
— Бұл будың улы екені — шындық, миф емес. Мәселен, табаны қатты қыздырғанда, 260 градус Цельсийден жоғары температурада оның бетінен бу бөлінеді. Бұл өте улы газ, одан құстар өліп кетуі де мүмкін. Мысалы, шымшық, себебі олар мұндай қосылысқа өте сезімтал келеді. Ол — жоғары деңгейде зерттелген уытты газдың бірі болып есептелетін хлорланған фосфиннің бір түрі. Адамдарға мұндай газдан қауіп аз, себебі біздің өкпеміз үлкен. Ал бөлмедегі газ концентрациясы әдетте аз болады және егер бірден он таба күймесе денсаулыққа зардабын тигізбейді. Тек өндірістегі ірі өрт кезінде, өрт сөндірушілер бір уақытта көп тефлон бұйымдарының жануына тап болған жағдай ғана қауіпті болуы мүмкін. Сол кезде газдың концентрациясы расымен қауіпті деңгейге жетеді.
— Сіз тефлон өндіру және оны кеңінен тарату адам денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін атап өттіңіз, осы жөнінде толығырақ түсіндіріп берсеңіз?
— Иә, себебі PFAS тек күйдірмейтін ыдыстарда ғана емес, ол мыңдаған тауардың құрамында бар. Біз оны үйде, жұмыста, медициналық құрылғыларда, тіпті киімде кездестіреміз. Қазір платенадағы адамдардың бәрінің қанынан PFAS табылған. Ол толығымен жасанды зат, себебі табиғатта ондай қосылыс жоқ. Бұл – дүниеге келіп жатқан әр сәбидің қанында 200-ден астам химиялық зат бар деген сөз. Оның барлығы әрине сыртқы ортадан келеді. Бірақ ең қауіптісі — PFAS ағзада өте ұзақ сақталады. Оның қандағы жартылай ыдырау кезеңі жылдар бойы жалғасуы мүмкін. Ұзын тізбекті PFAS үшін бұл әдетте үш-бес жылға дейін созылады. PFAS-тың адам ағзасына жиналатын орындары болады, осы арқылы ол ағзаның әр бөлігіне кері әсерін тигізеді.
— Көпшілік «адам ағзасына бұл заттар көбіне ішетін сумен бірге түседі» деп жатады. Бұл рас па, жоқ әлде қате түсінік пе?
— Біз тағам қаптамаларын көп зерттедік. Адам, әрине, қағаз қаптаманы жемейді және оның құрамында PFAS мөлшері де аз болуы мүмкін. Бірақ қоқысқа тасталған соң, бірнеше айдың ішінде PFAS материалдан толығымен бөлініп шығады. Ол полигон сүзіндісіне, одан жер асты суларына, кейін ауыз суға немесе суару жүйесіне түседі. Адам кейін сол суды тікелей ішеді немесе сол сумен өсірілген өнімді жейді. Бұл – PFAS-тың әсер ететін екі негізгі жолы. Сондықтан күйдірілмейтін ыдыстан ғана зиян келмейді. Бұл жерде жүздеген мың осындай бұйым шығаратын фабрика өндіріс қалдықтарын төңірекке тастаса, жер асты сулары ластануы мүмкін. Ал өнім өмірінің соңында қоқысқа түскенде, PFAS материалдан жайлап шығуды бастайды. Бұл жүздеген жылға созылуы мүмкін. Ал, ол дегеніміз — біздің балаларымыз бен немерелеріміз PFAS бар суды ішетінін және оның денсаулыққа әсерімен бетпе-бет келетінін білдіреді. Бұл өте жасырын және қауіпті ластану түрі. АҚШ-та бүгінде ресми түрде PFAS-ты ел тарихындағы ең қымбат ластаушы деп танып жатыр. Бұл уытты зат соншалықты кең таралған және оны тазалау да қымбат, ал салдарын жою ондаған, тіпті жүздеген жылдарға созылуы әбден мүмкін.
— Грэм Пизли мырза, уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға көп рахмет!


