Француз ғалымы Астанадағы климаттық өзгерістердің себебін түсіндірді

Коллаж: Nofake.kz
Соңғы жылдары Астана қыстың жылы өтуі, күн райының күрт бұзылуы мен жаһандық жылу проблемаларын француз ғалымы доктор Давиде Фаранда Nofake.kz-ке берген экслюзивті сұхбатында түсіндірді.
Доктор Давиде Фаранда — Франция Ұлттық ғылыми зерттеулер орталығы (CNRS) жанындағы Пьер-Симон Лаплас институтының Климат және қоршаған орта ғылымдары зертханасында (LSCE) климат физикасы бойынша зерттеулер директоры. Ол — суық циклон толқындары, аптап ыстық циклондары, күшті найзағай сияқты экстремалды ауа райы құбылыстарының маманы. Сонымен қатар London Mathematical Laboratory зертханасының және Париждегі Жоғары қалыпты мектептің динамикалық метеорология зертханасының сыртқы ғылыми қызметкері.
— Доктор Фаранда, Орталық Азиядағы ең ірі ел — Қазақстанда соңғы жылдары қыс жылы өтіп жүр. Ғылыми тұрғыдан алғанда, ауа райындағы мұндай өзгерістерді немен байланыстыруға болады?
— Қазақстанда байқалып отырған өзгерістер — жаһандық климат өзгерісінің тек бір бөлігі ғана. Негізгі фактор – адамзат парниктік газдар шығындыларын арттыру арқылы климатты өзгертіп жатыр. Ал, парниктік газ Жер шарындағы орташа жаһандық температураның көтерілуіне әкеледі. Біз индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 1,5 градус Цельсий жылыну шегіне жеттік. Бұл өсім белгілі бір қаладағы тәуліктік температура ауытқуларымен салыстырғанда елеусіз болып көрінуі мүмкін. Алайда шын мәнінде оның әсері мол, өйткені ол климаттық жүйедегі көптеген үдерістерді өзгертеді. Мысалы, температураның көтерілуі тропиктер мен полюстер арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуына әкеледі, соның салдарынан атмосфералық ағындардың циркуляциясы өзгереді. Жаһандық деңгейдегі 1,5 градус жылыну өңірлік деңгейде бұдан да жоғары температура өсімін білдіруі мүмкін.
— Бұған Қазақстанның географиялық орналасуының әсері болуы мүмкін бе?
— Иә, Қазақстан жағдайында жалпы жылынудан бөлек, оның географиялық орналасуы да маңызды рөл атқарады. Себебі ел орта ендіктер мен субтропикалық аймақтардың арасында орналасқан. Салдарынан қар мен жауын-шашын мөлшері азайып, қыста температура айтарлықтай жоғарылайды. Бұл қар жамылғысы болмаған немесе азайған жағдайда ашық күндері жер беті тезірек жылынатынымен байланысты. Ауа райының бұлай жылынысуы — айналымға да ықпал етеді. Жауын-шашын біркелкі түспейді. Бұл жалпы жауын-шашын көлемі міндетті түрде азаяды дегенді білдірмейді, бірақ оның таралуы өзгереді. Мысалы, жылдық жауын-шашын мөлшері өзгермеуі мүмкін, алайда ол қысқа мерзімде молынан түсіп, одан кейін ұзақ құрғақ кезеңдер жалғасуы ықтимал. Бұл ауыл шаруашылығы үшін үлкен қиындықтар туғызады.
— Мұндай өзгерістердің барлығы жаһандық жылынудың әсері ғой?
— Әрине, себебі CO₂ шығарындылары мен жаһандық температураның көтерілуі арасында кері байланыс бар.Өңірлік деңгейде де тропиктерде жылыну байқалады, соның салдарынан солтүстік жарты шарда шөлді аймақтар солтүстікке қарай жылжуда. Бұл Қазақстан, Қытайдың кейбір өңірлері, Испания және АҚШ-тың солтүстік жарты шардағы аймақтарында температураның жоғарылауына әкеледі.Бұл тұрақты процесс және ғылыми зерттеулермен дәлелденген.
— Cонда егер қазіргі сияқты жылыну процесі сақталса, алдағы онжылдықтарда Қазақстан сияқты өңірлерді қандай өзгерістер күтуі мүмкін?
— Жауын-шашын көлемі әр түрлі болады. Мысалы, бұрын ауыл шаруашылығына жарамды аумақтар шамадан тыс құрғақ болып, егін егуге қолайсыз болуы мүмкін деген қауіп бар. Құрғап кеткен топырақ жауын жауған кезде суды нашар сіңіреді. Бұл кенеттен болатын тасқындарға және басқа да суға байланысты қауіптерге әкелуі әбден мүмкін. Ал егер жылыну осы қалыпта жалғаса берсе, қыс мезгіліндегі қар жамылғысы азайып, жалпы қар жататын кезеңнің ұзақтығы қысқаруы мүмкін. Негізгі қауіп ауыл шаруашылығы саласына төнеді. Тіпті, кей өңірлерде аграрлық қызметпен айналысу мүмкін болмай қалады. Адамдардың денсаулығына да тікелей әсері бар. Температура 40–45 градусқа жеткенде немесе одан асқанда, өлім-жітім саны күрт артады. Бұл тек адамдарға ғана емес, жануарлар мен өсімдіктерге де қатысты. Сосын ол су тасқының көбеюіне әкелуі мүмкін. Салдарынан су сапасы нашарлайды, халықты таза сумен қамтамасыз ету қиындайды. Яғни, климаттың өзгеруі осылай жалғаса берсе, жаңа айтылған процестердің барлығы орын алуы мүмкін.
— Сіздің ойыңызша, адамзат қазір климаттық өзгерістерді жеткілікті деңгейде бағалап отыр ма?
— Иә, қазір климаттың өзгеруі туралы көп айтылады, бірақ ол көбіне болашақтың мәселесі ретінде қабылданады. Шын мәнінде, бұл проблема қазірдің өзінде бар. Атрибуциялық зерттеулер, соның ішінде Орталық Азия бойынша жүргізілген зерттеулер, климат өзгерісінің бүгінде-ақ халыққа әсер етіп отырғанын көрсетті. Сондықтан аумақтарды бейімдеу шараларын бұдан әрі кешіктірмей, дереу қолға алу қажет. Ондай шешімдерге, мысалы, температура жоғарылаған кезде тек кондиционер орнатумен шектелмей, қаладағы ыстықты азайту үшін өсімдіктерді пайдалану керек. Яғни, көгалдандыру жұмысын қолға алу керек. Сондай-ақ ғимараттардың қалай салынатынына мән беру қажет. Жер деңгейінен жоғары қабаттарға қарай табиғи ауа ағындарын қалыптастыру үшін, арнайы сәулеттік шешімдер де болады. Бұл салқындатқышсыз аптап ыстықты азайтуға мүмкіндік береді және электр энергиясын пайдалану қажеттілігін азайтады.
— Ғалым ретінде климаттық өзгерістерді азайтатын тағы қандай шешімдерді ұсынар едіңіз?
— Мысалы, өзендегі су көлемі артқан сәтте, судың тасуының алдын алатын шешімдер бар. Олар бетонға емес, табиғи өсімдіктер жамылғысын қалпына келтіруге және өзен арналарына табиғи қалыпты қайтаруды көздейді. Тағы бір аса маңызды мәселе -экстремалды аптап кезінде халықты қорғау. Мұнда да айтарлықтай шығынсыз енгізуге болатын шаралар бар. Мәселен, өте жоғары температура кезінде адамдардың ашық ауада жұмыс істеуіне жол бермеу керек, өйткені бұл өлім жағдайларына және денсаулық сақтау жүйесіне қосымша жүктемеге әкелуі мүмкін. Сонымен қатар ауруханалар мен қоғамдық ғимараттарды салқындату талаптарын ескере отырып салу, қоғамдық көлікті жаңғырту және адамдарды экстремалды температурадан қорғай алатын инфрақұрылым құру қажет.
— Әңгімеңізге рахмет!


