Криминал топтар Маңғыстауға ықпал етіп отыр ма – Әкім жауап берді

Фото: Gov.kz
Маңғыстау облысында кадрлық өзгерістер мен түрлі конкурстарға криминал топтың ықпалы бар деген ақпараттар әлеуметтік желіде тарады. Осыған байланысты облыс әкімі өңірде ұйымдасқан қылмыс жоқ екенін айтып тараған қауесеттерге жауап берді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Әлеуметтік желілерде Маңғыстау облысында «Алиба» лақап атымен танылған криминал тұлға өңірдегі процестерге ықпал етіп отыр деген ақпарат тарады. Видеоларда оның еңбек дауына араласқаны көрініп, тұрғындар арасында «полиция жетіспегендіктен, билік оның көмегіне жүгінді ме?» деген сұрақтар туындады. Сондай-ақ халық арасында Әлібек Нарбековты «рэкет» деп атаған пікірлер де айтыла бастады. Облыс әкімінің сөзінше, Әлібек Нарбековті бұл қызметке келгенге дейін жеке таниды. Ал әлеуметтік желіде тараған ақпараттар шындыққа жанаспайды.
«Біреулер оны облыстағы кадр мәселесін шешіп жүр дейді, бұл — жалған. Конкурстарға араласады деген де әңгіме шындыққа сәйкес келмейді. Ол ешқандай мәселеге араласа алмайды. Кадрлық тағайындаулар бекітілген тәртіппен, тек конкурс арқылы жүзеге асады», — деді өңір басшысы.
Әкім сондай-ақ «дөңгелек үстелдер криминалмен байланысты» деген ақпаратты да жоққа шығарды.
«Бізде күн сайын жүздеген дөңгелек үстел өтеді. Олардың бәрін криминалға тірей берудің қажеті жоқ. Маңғыстау облысында ұйымдасқан қылмыстық топтар жоқ. Егер бар десе, нақты дәлел келтіруі керек», — деді ол.
Аймақ басшысының айтуынша, Әлібек Нарбеков ешқандай қызмет атқармайды және оны облысқа арнайы шақыртқан ешкім жоқ.
«Ол мұнайшы да емес, мемлекеттік қызметкер де емес. Мен оның нақты қандай жиналысқа қатысқанын қажет болса анықтаймын. Мен білетінім — оның әлсіз отбасыларға көмектесіп жүргені, Жетібайда инвестор тартып, спорт кешенін салып жатқаны. Өзі Астана қаласының тұрғыны», — деді әкім.
Сонымен қатар әлеуметтік желіде Шетпе ауылындағы тұрғындармен кездесу кезінде спортшылардың сұрақ қойған азаматтарға қысым көрсеткені туралы видео тараған болатын. Бұл жағдай ауыр жүк көліктерінің салмағынан артық жүк тасып, ауыл жолдарын бүлдіру мәселесі талқыланып жатқан сәтте орын алған. Әкімнің айтуынша, полиция департаментінің басшысы, генерал Аяғанов сөйлеп тұрған кезде кейбір адамдар бір-бірінің сөзін бөліп жіберген.
«Ол жігіттер – спортшылар, Шетпеде бір ауылда өскен, өмірде ағалы-інілі адамдар. Олар әлі күнге дейін араласады», – деп түсіндірді ол.
Журналистер бұл жағдай болашақта қайталануы мүмкін бе деп сұрағанда, әкім мұндай мүмкіндікті жоққа шығармады.
«Иә, мүмкін. Бұл менің бұйрығым емес. Мұндай жағдай бір үйдің балаларының арасында да болады. Мен жүз пайыз қайталанбайды деп айта алмаймын», — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімі Жаңаөзендегі мұнай қорының таусылып жатқанына қатысты сұраққа жауап берген болатын.


