Көздің қылилығы туралы мифтер: қайсысы шын, қайсысы жалған

freepik.com
Жаңа туған сәбилердің шамамен 70 пайызында уақытша қылилық байқалады. Алайда ол көп жағдайда қалыпты құбылыс болып, 4–6 ай аралығында өздігінен жойылады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас балалар офтальмологы, Астана қаласындағы Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының жоғары санатты офтальмолог дәрігері әрі көз хирургі Айгерім Төлетова мәлімдеді.
nofake.kz/ маманмен бірге қылилыққа қатысты ел арасында кең тараған мифтерге жауап іздеп көрді.
Алматылық Ақжан Нәбиева (ред. аты-жөні өзгертілді) ұлының көзі қыли болып туғанын айтады. Жас ана бастапқыда баласының көзі өздігінен түзеледі деп сеніп, біраз уақыт жоғалтқан.
«Шақалақ кезінде қатты білінбеді, кейін 3–4 айында көзінің қыли екені анық көріне бастады. Ол кезде жасым небәрі 20-да, тәжірибем аз. Сол жастығымнан әрі отадан қорыққандықтан, көздің өздігінен жазылады деп ойладым. Сөйтіп уақыт өткізіп алдық. Қазір ұлымның көзі отадан кейін аздап жақсарды, бірақ қылилық толық кеткен жоқ», – дейді ол.
Ата-аналар жиі жіберетін қателік – көздің қылилығы уақыт өте өздігінен жойылады деп ойлау. Бұл мәселеге көз дәрігері Айгерім Төлетова нақты түсініктеме берді.
«Көздің қылилығы өздігінен кетуі өте сирек. Мәселен, жаңа туған сәбилердің шамамен 70 пайызында уақытша қылилық байқалады. Мұндай түрі, әдетте, 4–6 ай аралығында өздігінен жойылады. Егер қылилық бала 6 айдан асқан соң да сақталса, бұл патологиялық ауытқу болып саналады және офтальмологтың тексеруін қажет етеді», – дейді маман.
Ал ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының превентивтік медицина бөлімшесінің офтальмолог-дәрігері, лазерлік хирург Айгерім Дербісалиева қылилықты кейбір физиологиялық ерекшеліктермен шатастырмау қажеттігін атап өтті.
«Азия халықтарында жиі кездесетін эпикантус деген ерекшелік бар – бұл көздің мұрынға жақын орналасуы. Соның салдарынан көз сырт көзге қыли болып көрінуі мүмкін», – дейді дәрігер.
Қылилық туа бітті бола ма?
«Қылилық түрі мен себебіне қарай туа біткен немесе жүре пайда болған болуы мүмкін. Мысалы, туа біткен түріне Дуэйн синдромы, Браун синдромы, моноокулярлы элевация тапшылығы және басқа да жағдайлар жатады. Ал үйлесімді (содружественные) түрі көбіне жүре пайда болады. Сондықтан әр жағдай жеке қаралуы тиіс», – деп түсіндірді Әйгерім Төлетова.
Қылилық отадан кейін толық жойыла ма?
«Қылилықты емдеудің ең тиімді жолы – ортотропияға, яғни екі көздің қарашығының дұрыс орналасуына қол жеткізу. Бұл – хирургиялық емдеу нәтижесінде көздің сыртқы түрін қалпына келтіру. Дегенмен, көздің толық қалпына келуі үшін көру қабілеті мен бинокулярлы функциясы бірге жұмыс істеуі керек. Сондықтан отадан кейін қылилық толық жойылып, көру 100 пайыз қалпына келеді деп нақты айтуға болмайды», – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас балалар офтальмологы.
Қылилық туралы кең тараған мифтер
Миф 1. «Қылилық көзге бірден байқалады». Қылилықтың жасырын түрлері де бар. Ол тек белгілі бір жағдайда немесе арнайы тексеру кезінде ғана анықталады.
Миф 2. «Қылилық емделмейді». Қылилықтың көп түрі емделеді: оптикалық түзету, терапия немесе қажет болған жағдайда ота арқылы айтарлықтай жақсартады.
Миф 3. «Балалардағы қылилыққа міндетті түрде ота жасау керек». Бұл да қате түсінік. Жеңіл және уақытша қылилық өздігінен жойылады, ал кей жағдайда көзілдірік пен терапия жеткілікті.
Миф 4. «Көзілдірік көмектеспейді, тек ота қажет». Керісінше, кей жағдайларда (әсіресе аккомодациялық қылилықта) дұрыс таңдалған көзілдірік немесе линза қылилықты толық немесе жартылай жоя алады.


