«Коуч» атану үшін енді 50 сағат оқу аз: министрлік жаңа стандарттарды түсіндірді

Фото: depositphotos
Елімізде 2025 жылдың 22 желтоқсанында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Коучинг қызметінің» кәсіби стандарттарын бекітті. Бұл стандарттар нені көздейді және жалған коучтар қызметін тоқтата ала ма? Nofake.kz зерттеп көрді.
Коучинг қызметі дегеніміз не?
Құжатта коучинг қызметі дегініміз — бұл клиенттің ойлау қабілетін, саналығын және әлеуетін дамытуға, сондай-ақ оның жеке және кәсіби мақсаттарына қол жеткізуіне ықпал етуге бағытталған кәсіби серіктестік екені көрсетілген.
Стандарттар нені көздейді?
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің редакциямызға түсіндіруінше, аталған кәсіби стандарттар — коучтердің кәсіби біліктілігін бағалау және тану, қызмет көрсету сапасының стандарттарын әзірлеу, адам капиталын бизнес, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, мемлекеттік басқару және т.б. салаларда дамытуда қолданылады.
«Құжат коучинг саласында кәсіби қызметті жүзеге асыратын мамандарға қойылатын талаптарды анықтайды, соның ішінде жеке, топтық немесе командалық, сондай-ақ ұйымдық жұмыс бағыттарын қамтиды. Стандарттардың мақсаты – коучинг қызметінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамның осы мамандыққа деген сенімін нығайту және Қазақстан Республикасында коучтерді оқыту бағдарламалары мен сертификаттау жүйесін қалыптастыруға негіз қалау», — деді ведомство өкілдері.
Стандарттар коучинг қызметін ұсынатын ұйымдарға, коучтерді даярлайтын (оқыту бағдарламаларын іске асыратын және біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын) ұйымдарға, коучтердің қауымдастықтары мен кәсіби бірлестіктеріне, өз қызметінде коучингті қолданатын жұмыс берушілер мен ұйымдарға, коучинг қызметтерінің клиенттері мен тапсырыс берушілеріне, сертификаттау, аккредиттеу және біліктілікті тану мәселелеріне жауапты органдарға арналған.
Сондай-ақ құжатта коучтің қызметі кәсіби қауымдастықтар мен коучинг федерациялары халықаралық деңгейде мойындаған этикалық қағидаттарға, құзыреттерге және сапа стандарттарына негізделетіні айтылған.
«Стандарттар коучтердің біліктілігіне және кәсіби даярлық деңгейлеріне қойылатын талаптарды, міндетті құзырет, білім мен дағдыларды, этикалық мінез-құлыққа және кәсіби жауапкершілікке қойылатын талаптарды, біліктілікті бағалау және бейресми білім беруді тану критерийлерін бекітеді. Бұл қызмет құрмет, серіктестік, кәсіби жауапкершілік және этикалық мінез-құлық қағидаттарына негізделеді», — деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Одан бөлек, құжатта коучтар кәсіби қауымдастықтың «Коуч этикасы кодексін» сақтауға және өз қызметтерін адалдық, теңдік, кемсітпеу қағидаттарына сәйкес ұсынуға тек өзі жауапты болатыны көрсетілген. Сондай-ақ, онда коуч біліктілігін арттыру үшін үздіксіз кәсіби дамудан — әр үш жыл сайын кемінде 40 сағат коучингке мамандандырылған оқудан өтуі тиіс екені жазылған.
«Құжат кәсіби деңгейіне қарай сертификат беруді, яғни коучтің біліктілігін халықаралық қауымдастықтар стандарттарына сәйкес ресми растауды қарастырады. Сертификаттау бірнеше деңгейден тұрады: бірінші деңгей кемінде 50 сағат оқуды және 50 сағат тәжірибені талап етеді; екінші деңгей 100 сағат оқу мен 100 сағат тәжірибені және халықаралық емтихан тапсыруды қамтиды; үшінші деңгей 120 сағат оқу, 500 сағат тәжірибе және халықаралық емтиханды көздейді. Ал «Командалық коучинг» деңгейі коучингтік білімге қосымша 60 сағат оқуды, кемінде 5 нақты мысалды және халықаралық емтихан тапсыруды талап етеді», — деп түсіндірді министрлік.
Кәсіби стандарттар бизнес-коуч, мансап жасау коучі, лайф-коуч, командалық коуч, денсаулық саласындағы коучы, спортқа дайындайтын коуч, кәсіпкерлерге арналған коуч және білім беру саласындағы коучтарға қатысты болмақ.
Мамандар не дейді?
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Динара Наумова құжаттың басты мақсаты нарықтағы коучтардың қызметіне кедергі келтіру емес, керісінше, оларға кәсіби орта қалыптастыру дейді.
«Яғни клиент, бұдан былай кімдердің көмегіне жүгінуді білетін болады. Адал, таза жұмыс істейтін коучтар оларға өзінің кәсіби біліктілігін көрсетіп, бәріне түсінікті шарттар бойынша қызмет көрсете алады. Кәсіби біліктілігі жоғары мамандарға бұл стандарттар керісінше жаңа мүмкіндіктер ашады. Олар енді ірі жобаларға қатысып, түрлі мемлекеттік және білім беру ұйымдарымен жұмыс істей алады, сөйтіп өз мансаптарын ашық жүйеде дамыта алады. Ал, жарнаманың арқасында бос уәдеге толы, бірақ клиенттерге еш нәтиже бермейтін, дайындығы аз коучтердің қызметі керісінше шектелетін болады. Бұл әрине, ең алдымен клиенттердің мүддесін қорғайтын ашық әрі жауапкершілігі мол нарықтың қалыптасу кезеңі», — деді депутат.
Айта кетейік, құжат негізінде сертификаты бар коучтардың бірыңғай тізілімі жасалатын болады.


