Коммуналдық төлемдер неге көбейді: ТМРК ресми түсініктеме берді

Фото: depositphotos
Табиғи монополияларды реттеу комитеті коммуналдық қызмет құнының өсу себебін түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Түбіртектердегі бағаның қымбаттауын комитет ауа-райымен байланыстырған.
«2025 жылғы желтоқсан және 2026 жылғы қаңтар айлары үшін жылумен жабдықтау қызметтері бойынша есептеулер үйдің жалпы жылу энергиясын есепке алу аспаптарының нақты көрсеткіштері негізінде жүргізіліп, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес пәтерлердің алаңына пропорционалды түрде бөлінді. Жүргізілген тексеру нәтижесінде 2026 жылғы қаңтар айындағы төлем құжаттарында сомалардың ұлғаюы жылыту кезеңінде жылу энергиясын нақты тұтынудың артуына байланысты екені анықталды. Тұтыну көлемі тікелей сыртқы ауа температурасына және жылумен жабдықтау режиміне тәуелді. Ауа температурасы неғұрлым төмен болған сайын, жылу энергиясын тұтыну көлемі соғұрлым артады»,-деп түсіндірді комитет.
Ресми хабарламада электр энергиясы, сумен жабдықтау және су бұру қызметтері бойынша есептеулер есепке алу құралдарының нақты көрсеткіштері негізінде жүргізілетіні және көрсеткіштер уақтылы тапсырылған жағдайда төлем нақты тұтыну көлеміне қарай есептелетіні айтылған.
«Реттелетін коммуналдық қызметтер тарифтері қосылған құн салығын (ҚҚС) есепке алмай бекітіледі. Қызмет нақты көрсетілген кезде ҚҚС салық заңнамасына сәйкес төлем құжаттарына енгізіледі және төлеуге жататын соңғы сомаға әсер етеді. Орташа алғанда түбіртектердегі сомалардың ұлғаюы шамамен 3–4% құрайды және бұл тарифтердің өсуі болып табылмайды. Төлем түбіртектері, әдетте, тек реттелетін коммуналдық қызметтерді ғана емес (электр, жылу, су және су бұру), сондай-ақ бәсекелі ортада көрсетілетін өзге де қызметтерді қамтиды. Олардың ішінде телекоммуникациялық қызметтер, лифт шаруашылығын қызмет көрсету, ортақ мүлікті басқару және күтіп ұстау (ОСИ/КСК), сондай-ақ өзге де қосымша қызметтер бар»,-деп хабарлады комитет.
Осыған байланысты түбіртектегі жалпы соманың ұлғаюы тек коммуналдық ресурстарды нақты тұтыну көлемімен және салық құрамдасымен ғана емес, сонымен бірге аталған қосымша қызметтер бойынша есептеулердің өзгеруімен де байланысты болуы мүмкін.
Егер мәселе шешілмеген жағдайда немесе ұсынылған түсіндірмелермен келіспеген жағдайда, тұтынушы тиісті өңір бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық департаментіне немесе «е-Otinish» азаматтардың өтініштерін қабылдау және өңдеудің бірыңғай платформасы арқылы шағымдануға құқылы.


