NoFake

Коллектор ма, әлде алаяқ па: қоңырау шалған адамның кім екенін қалай анықтаймыз

Коллаж: nofake.kz/

Әлеуметтік желілерде өзін коллектормыз деп таныстырып, азаматтарға үздіксіз қоңырау шалатындар туралы шағымдар жиілеп кетті. Көпшілік бейтаныс нөмірлерден келетін қоңыраулар мен хабарламаларға наразы, кейбір «өндіріп алушылар» борышкердің туыстары мен таныстарына дейін хабарласуда. Алайда азаматтардың көбі өзіне хабарласқан адамның расында ресми коллекторлық агенттік өкілі екеніне сенімді емес. nofake.kz/ шын коллекторды қалай ажыратуға және жалған «қарыз өндірушілерден» қалай қорғануға болатынын анықтады.

Скриндер әлеуметтік желідегі пікірлерден

Коллекторлардың қызметі қалай реттеледі

Қазақстанда коллекторлық агенттіктердің қызметі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бақылауында және «Коллекторлық қызмет туралы» заңмен реттеледі. Бұл заң борышкерлердің құқықтарын қорғауға және коллекторлардың шамадан тыс қысым көрсетуін шектеуге бағытталған.

Агенттіктің баспасөз хатшысы Олжас Рамазановтың айтуынша, заңда коллекторлар борышкерлермен тек жұмыс күндері, сағат 8:00-ден 21:00-ге дейін байланыса алады.
Қоңыраулар саны күніне үш реттен, ал жеке кездесулер саны аптасына үш реттен аспауы тиіс.
Үшінші тұлғаларға (мысалы, туыстарға) тек мекенжайды немесе байланыс деректерін нақтылау мақсатында ғана хабарласуға рұқсат етіледі. Борышкер әңгімені жалғастырғысы келмесе, сөйлесуден бас тартуға толық құқылы.

Құқық бұзған коллекторларға шағымдану жолдары

Егер коллектор дөрекі сөйлессе, қорқытып, заңсыз әрекет жасаса, азаматтар е-Otinish порталы арқылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым түсіре алады. Заң бұзушылық расталса, агенттік коллекторлық компанияның қызметін тоқтатып, лицензиясын жоюға дейінгі шара қолдана алады.

Сондай-ақ шағымды Stop-Collector сервисі арқылы да беруге болады. Бұл — Ұлттық коллекторлар палатасының жобасы, ол шынайы және жалған өндіріп алушылардың қысымына тап болған азаматтарға көмектеседі. Егер қоңырау шалғандар қорқытып, балағаттаса немесе агрессия танытса — дереу полицияға жүгіну керек.

Нағыз коллекторды қалай тануға болады

Ресми коллектор телефон арқылы сөйлескенде міндетті түрде: өзі өкілдік ететін ұйымның атауын, оның тіркеу нөмірі мен мекенжайын атауы тиіс. Компанияның заңды жұмыс істейтінін тексеру үшін
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтына кіріп, «Басқа қаржы ұйымдары → Рұқсаттар мен хабарламалар тізілімі» бөлімін ашу қажет. Агенттік тізімде болса — ол ресми коллектор. Ал егер жоқ болса — ол ұйымның азаматтардан қарыз өндіруге құқығы жоқ.

Оқу үшін