Көкшетау қаласындағы оқу орындарына шабуыл туралы хабарламалар — жалған

Фото: Gov.kz
22 және 24 қаңтарда телеграмм чатында Көкшетау қаласының оқу орындарына мектептер мен колледждерге жасалған шабуылдар туралы тараған хабарламалар жалған, деп хабарлайды nofake.kz/.
«Біз бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді және жалған деп ресми түрде мәлімдейміз. Оқушылар мен оқытушылар құрамының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау және мемлекеттік органдар тиісті шаралар қабылдады. Оқу орындары полицияның бақылауында. Қазіргі уақытта екі факті бойынша да қылмыстық істер қозғалды. Департаменттің құзыретті қызметтері жалған хабарламалардың авторларын анықтау және оларды жауапкершілікке тарту бойынша іс-шаралар жүргізіп жатыр», — делінген Ақмола облысы полиция департаментінің ресми хабарламасында.
Полиция мәліметінше, бұл арналар бірнеше рет бұғатталған, алайда шабуылдаушылар жаңаларын құрып, қылмыстық әрекеттерін жалғастыруда.
«Біз азаматтардан үрейге берілмеуге, тыныштықты сақтауды және тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз. Тексерілмеген хабарламаларды жібермеуді және қайталамауды сұраймыз. Қасақана жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыратынын есте ұстаған жөн»,- деп ескертті полиция.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Көкшетау қаласындағы оқу орындарына шабуыл жасалды деген хабардың таралуына байланысты полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп жатқанын жазған едік.


