Киік етін мейрамханада да сатуға рұқсат. Сауда министрлігі

Коллаж: nofake.kz/
Арнайы рұқсатпен киік етін кез келген жерде сатып, ас мәзіріне пайдалануға болады. Қоғамда «киелі жануардың етін жеуге бола ма, жоқ па, оған кім рұқсат береді?» деген сұрақ әлі де талқыланып жатыр. nofake.kz/ тілшісі Сауда министрлігіне хабарласып, мән-жайды анықтады.
«Егер арнайы рұқсаты болса, киік етін кез келген жерде сатуға және пайдалануға болады», — деді министрліктің баспасөз қызметі.
Бұған дейін әлеуметік желіде «Атыраудағы ескі базарда аталған жануар етінің келісі 2 мың теңгеде сатылып жатыр, ал Астанадағы мейрамхананың бірінде киік етінен стейк мәзірге енгізіліпті» деген ақпар тараған.
Сауда министрлігі берген ақпарға қарағанда, қазір аймақтарда киік етінің бағасы мынадай:
Атырау облысы – 2200 теңге/кг
Ақмола облысы — 1300–1600 теңге/кг
Ақтөбе облысы — бөлшек сауда бағасы 1800 теңге/кг.
Ұлытау облысы — 1600-2200 теңге/кг.
Қостанай облысы — 1200–1400 теңге/кг
БҚО — 1300 теңге/кг.
Қызылорда облысы (Ұлытау, Қостанай, БҚО ет басқа өңірлерден жеткізіледі) — 1600 теңге/кг
Маңғыстау облысы (Жаңаөзен) — 2100 теңге/кг
КОНТЕКСТ
2023 жылы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елде киік атуға болады деген шешім қабылданғанын және оның еті комбинаттарда сатылатынын мәлімдеген. Ал биыл 25 маусымда Үкіметте өткен брифингте Экология министрі киіктердің санын реттеу аясында 800 киік басын атуға рұқсат берілгенін хабарлады.
«Ғылым киіктердің жалпы популяциясының 20%-нан арылуды ұсынады. Қазір көктемгі есеп бойынша олардың саны 3,9 млн болды: 2,3 млн – Оралды, 1,6 млн – Бетпақбаланы, 78 мыңы Үстіртті мекендейді. Яғни, біз шамамен 800 мың бастан арылуымыз керек. Онда [Жойылатын киіктердің] жыныс пен жасы қандай болуы керек екендігі де анықталған: 40% – еркек, 40 % – ұрғашы, 20% – киік төлі», — деді Нысанбаев брифинг кезінде.
Ресми деректер не дейді
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми дерегінше, 2025 жылғы көктемгі есепке сәйкес, киіктердің жалпы саны 3,978 миллион бас. Оның ішінде:
Батыс (Орал) популяциясы – 2,3 млн;
Бетпақдала – 1,6 млн;
Үстірт – 78 мың.
Алайда киіктердің көбеюі ауыл шаруашылығына елеулі зиян тигізіп отыр. Сондықтан оларды атуға және етін сатуға рұқсат етілді.


