Киберқауіпте шекара жоқ — Мәжіліс спикері

Мәжілістің баспасөз қызметі
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бүгін өткен «Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту» тақырыбындағы тыңдауда цифрландыру мен жасанды интеллектінің кең қолданылуы жаңа сын-тегеуріндер туындатқанын атап өтті, деп хабарлайды Nofake.
«Негізгі қауіптердің бірі – киберқауіптің қарқынды көбеюі. Бүгінде бүкіл әлемде кибер оқиғалар саны өсіп жатыр, тіпті мамандарды да шатастыра алатын дипфейктер кең таралуда», — деді Ерлан Қошанов.
Төраға атап өткендей, киберқауіпсіздік саласынан хабары аз қарапайым пайдаланушылар ең осал топқа жатады. Мәжіліс төрағасы жаңа цифрлық алаяқтық түрлері де пайда болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
«Киберқауіптің шекарасы жоқ – әлемнің кез келген нүктесінен шабуыл жасалуы мүмкін. Оларға бірде-бір мемлекет жалғыз өзі қарсы тұра алмайды. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызы артып отыр», — деді Қошанов.
Ол кешенді тәсіл қолдану қажеттігін атап өтті: технологиялық шешімдерді құқықтық реттеумен ұштастыру және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру.


