Конституция туралы жалған ақпараттарға сенбеңіздер — Мәжіліс депутаты

Фото: Gov.kz
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек азаматтарды жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды, деп хабарлайды nofake.kz/.
Ол азаматтарға тек қолданыстағы Конституция мен Ата Заңның жобасындағы мәтінді салыстыру қажеттігін атап өтті.
«Жерді сату деген норманы жалған айтып, таратқан. Екі Конституцияны салыстырып, қарау керек. Ол ашық жазылған, ешкім оған басқа нормаларды тықпаламайды. Бүл жерде құқықтық сауаттылықтың төменділігі, не ашық дезинформация. Бұл дезинформацияның мақсаты не? Әрине, халықты, қоғамды дүрліктіру. Дүрліктірудің мақсаты не? Әрине, жаңа Конституцияға деген сенімсіздікті туғызу. Заңгер ретінде айтарым, халықты дүрліктірудің қажеті жоқ. Егер бір нәрсе күмәнді болып тұрса, екі Конституцияны алыңыздар. Бірінші қазіргі Конституция және жобаны алыңыздар, салыстырыңыздар. Тек соған ғана сеніңіздер, біреудің айтқанына, жазбаларына сенуге болмайды, тек өз көздеріңіз жетсе ғана, сонда ғана айту керек, болды», — деді депутат.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс кулуарында депутат Ирина Смирнова Конституцияның жаңа жобасындағы тегін білім беру мен тегін медициналық қызметке қатысты бапты түсіндірген еді. Сондай-ақ, депутат Айдос Сарым Жаңа Конституциядағы «Халықаралық келісім» жөнінде айтып берген еді.


