NoFake

Kaspi арқылы Бурабайға жалған тур брондауды ұсынған алаяқ ұсталды

Ақмола облысында Бурабай курорттық аймағында демалысты брондаумен байланысты алаяқтық фактісі тергеліп жатыр. Алаяққа сенген Көкшетау қаласының тұрғыны 600 мың теңгеден астам қаражатынан айырылған, деп хабарлайды NoFake.kz.

Бұл туралы Ақмола облыстық полиция департаменті хабарлады.

«Ақпан айының басында Көкшетау қаласының 63 жастағы тұрғынына белгісіз адам хабарласып, өзін Бурабай курорттық аймағындағы қонақ үйлердің бірінің қызметкері ретінде таныстырған. Ол демалысты тиімді бағамен брондауды ұсынып, төлемді Kaspi мобильді қосымшасы арқылы жасауға болатынын айтқан», – деп мәлімдеді Ақмола облыстық полиция департаментінде.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ұсынысқа қызығушылық танытқан ер адам турды брондауға келісіп, үшінші тұлғаның нөміріне 600 мың теңгеден астам ақша аударған. Алайда ақша аударылғаннан кейін өзін қонақ үй қызметкері ретінде таныстырған адам байланысқа шықпай қойған. Демалысты брондау туралы растау да берілмеген. Осыдан кейін жәбірленуші 6 наурыз күні полицияға арыз жазған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Шымкент қаласының 24 жастағы тұрғыны болып шыққан. Тергеу барысында жас жігіт өз кінәсін мойындаған.

Қазіргі уақытта аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полицейлер күдіктінің әрекетінен зардап шеккен басқа азаматтардың бар-жоғын анықтауда.

Оқу үшін