Камчаткада көпқабатты үйлердің қар астында қалғаны рас па

Instagram/yenisafak_ru
Желіде Ресейдің Камчатка өңірінде тоғыз қабатты үйлердің үстімен қар жүріп өткені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды nofake.kz/.
Ресейлік Telegram-арналарда Петропавловск-Камчатка өңірінде көп қабатты үйлердің бесінші, тоғызыншы қабаттарына дейін қардың астында қалғаны туралы ақпарат тарап жатыр.
Десе де, бұл ақпараттың жалған екені анықталды. Ресейлік «Война с фейками» Telegram-арнасының хабарлауынша, көп қабатты үйдің бесінші қабатына дейін қар астында қалғаны туралы видео ЖИ көмегімен жасалған. Сондай-ақ Telegram-арна TikTok қолданушысы оған «ЖИ көмегімен жасалған» деген белгі қойғанын айтады.
Десе де, көптеген пабликтер бейнежазбаны тексермей, оны Камчаткада болған шын оқиғадай жариялаған. Өңірде биылғы қыс расымен қатты өтіп жатыр. Сондай-ақ қалада шынымен тоғыз, тіпті он алты қабатты да көп қабатты үйлер бар. Бірақ олардың толығымен қар астында қалғаны өтірік.
Камчаткада бұрқасын мен боран салдарынан тек бірінші қабаттағы пәтерлер мен подъездер қар астында қалған. Мамандар аймақта мұндай қытымыр қыс соңғы рет 1970 жылдары болғанын айтады.


