700-ден астам бағдарлама қысқарады: Балаева кадрлық реформаларды түсіндірді

Фото: Aqorda
Қазақстанда кадр даярлау жүйесі ауқымды өзгерістер кезеңіне өтті, деп хабарлайды NoFake.kz.
Премьер-министрдің орынбасары, Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева білім беру бағдарламаларын қысқарту, жаңа бағыттарды енгізу және еңбек нарығына бейімделген модельге көшу жоспарларын түсіндірді. Министрдің айтуынша, қазіргі реформалар ел дамуының жаңа моделіне көшу қажеттілігімен байланысты.
«Бүгінде еліміз ауқымды өзгерістерді бастан өткеруде. Әділетті Қазақстанды құру жолындағы саяси реформалар халқымыздың әл-ауқатын арттыру бағытындағы міндеттерді еселей түсті. Жаңа Конституция адами капиталды, білім мен ғылымды, инновацияны дамытудың стратегиялық бағытын айқындап, оны жаңа деңгейге көтерді. Бұл бағыттар еліміздің алдағы даму жолындағы басымдықтарымен тығыз байланысты. Әңгіме ел дамуының бүкіл траекториясын өзгерту туралы, яғни интеллект, білім мен технологиялар басты ресурсқа айналатын экономикаға көшу туралы болып отыр», – деді Аида Балаева.
Үкімет жүргізген талдау нәтижесінде кадр даярлау жүйесінде бірқатар жүйелі мәселелер анықталған. Атап айтқанда, еңбек нарығына әсер ететін демографиялық факторлар мен маман даярлау бағыттары арасындағы теңгерімсіздік байқалады. Сонымен қатар, технологиялық өзгерістердің қарқыны да талаптарды күшейтіп отыр. Цифрландыру, жасанды интеллект, автоматтандыру және деректермен жұмыс істеу экономиканың құрылымына тікелей әсер етіп отыр.
«Бүгінде біз еңбек нарығына және экономиканың құрылымына тікелей әсер етіп отырған қарқынды технологиялық трансформациямен байланысты ауқымды сын-қатерлерге бетпе-бет келіп отырмыз. Сондықтан әлемнің біздің жүйелерімізден әлдеқайда жылдам өзгеріп жатқанын ашық мойындауымыз қажет. Цифрландыру, жасанды интеллект, автоматтандыру және Big Data мүлде жаңа жағдай қалыптастырып отыр. Мұндай жағдайда білім беру жүйесінің жаңа технологиялар мен заман талаптарына сай болуы шешуші факторға айналады», – деді министр.
Осыған байланысты Үкімет 73 мыңнан астам кәсіпорынды қамтыған ауқымды зерттеу жүргізген. Нәтижесінде кадрлардың жас құрылымы, өңірлік сұраныс пен білім беру бағыттарының сәйкессіздігі, сондай-ақ академиялық бағдардың басымдығы сияқты проблемалар анықталған. Министрдің айтуынша, бұл өзгерістер білім беру жүйесін толық трансформациялауға бағытталған.
«Сондықтан біз бұл бағытта нақты шешім қабылдап отырмыз. Жалпы саны 700-ден астам білім беру бағдарламасы қысқартылады. Бұл ретте барлық студенттердің оқуын толық аяқтауына кепілдік беріледі, алайда аталған бағдарламалар бойынша жаңа қабылдау жүргізілмейді. Оның орнына жасанды интеллект, биоинженерия, IT және smart бағыттарды қамтитын жаңа басым бағдарламалар іске қосылады. Біз бір реттік шешімдерден жүйелі саясатқа көшіп отырмыз. Басты міндет – әр азамат ел дамуының қуатты қозғаушы күшіне айналатын орта қалыптастыру», – деді Аида Балаева.
Жалпы, жүргізіліп жатқан реформалар білім беру жүйесін еңбек нарығымен байланыстырып, адами капитал сапасын арттыруға бағытталған.


